ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 24.10.2018
Оқылды: 1127
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының «Жастар» саябағында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері «Әскер қатарына шақырылушылар күні» атты патриоттық акция өткізді. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысты.

Шараға Қарулы Күш ардагерлері, облыстық және қалалық әкімдік, әскери прокуратура, «Нұр Отан» партиясы өкілдері де шақырылды. Салтанатқа болашақ сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары да қатысты. Әскери борышын өтеушілерге тілегін білдірген Лаззат Махатұлы:

- Құрметті қонақтар, қала тұрғындары, әскерге шақырылушылар! Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Бүгін біз жерлестерімізді әскер қатарына шығарып салудамыз. Алматы облысынан шақырылған азаматтар өзінің моральдық және дене бітімі тұрғысынан мықтылығымен ерекшеленеді. Өңіріміз озат облыстардың қатарында тұр. Мен сіздердің мемлекетімізді қорғау, адал, жауапкершілікпен қызмет өтеу жолында және Отан қорғаушылар қатарында Алматы облысының лайықты өкілі болатындарыңызға сенемін, – деді.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, подполковник Талғат Дәулетханов: «Ұлан-байтақ жеріміз атадан балаға мирас болып келеді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбей, Шапырашты Наурызбай батыр сынды ерлеріміздің аманатын бейбіт өмірде қорғау ер-азаматтың міндеті», – дей келе,  жыл сайын облыстан төрт мыңнан астам шақырылушы мерзімді әскери қызметке жіберілетінін айтып, жастарға Отан алдындағы борышын үлкен жауапкершілікпен өтеп қайтуға тілектестігін білдірді. Салтанатты түрде шығарып салған азаматтар ҚР Қарулы Күштерінің қатарына жіберілді. Акция Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдерінің қызметкерлері ұсынған концерттік бағдарламамен түйінделді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ