ҚАТЫСЫҢЫЗ: МИЛЛИОНЕР АТАНУЫҢЫЗ МҮМКІН

Уақыты: 08.02.2019
Оқылды: 1019
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен "Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі" тақырыбында брифинг өтті.

Жобалар жәрмеңкесі жайлы облыстық Азаматтық Альянсының президенті Жанар Нұрмұханова айтып берді. Ол:

– Аталмыш жәрмеңке осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Негізгі мақсатымыз – ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру, өңірлердегі әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешіп, азаматтық бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл шараға 2017 жылы облыс бойынша 13 аудан мен 3 қаладан 29 үкіметтік емес ұйым қатысуға өтінім білдірсе, былтыр қатысушылардың саны біршама артып, бөлінген қаражат құны 10 млн. теңгені құрады, – деді.

Өз сөзінде ол алдында үздік шыққан авторлардың жұмысы жайлы кеңінен тарқатып, дәстүрге айналған жәрмеңке биыл да жақсы жаңалықтарымен қуантатынына сенім білдірді.

Жәрмеңке «Ұсынылған өтінімдерді қабылдау және бағалау», «Үздік 10 жобаны іріктеу», «Үздік жоба авторларын марапаттау» атты үш кезеңнен тұрады. Қатысамын деушілер өтінімді ақпанның 20-на дейін бере алады. Жеңімпаз атанған жоба авторы 1 миллион теңгеге ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Айдар ҚАЛИЕВ,

"Жетісу"