ТАРАЗДАҒЫ ЖАРЫЛЫС: ҮШ АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 27.02.2019
Оқылды: 1045
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тараз қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен оқиға орнына келді. Онда тексеріс қорытындысы бойынша төтенше жағдайды ескерту және жою жөніндегі оперативті штабтың жұмыс кеңесі өткізілді.

Газдың жарылу себептерін анықтау мақсатында сотқа дейін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шұғыл деректер бойынша, зардап шегушілер саны 9 адам, оның 3-уі қаза тапқан. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, зардап шегушілерге көмек көрсетілуде. Апат болған үйдің 100-ден астам тұрғыны уақытша №47 мектепке көшірілді. Бұған қоса, зардап шегушілердің бір бөлігі «Бәйтерек» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйге қоныстандырылды. Оларға ыстық тамақ беріліп, уақытша тұруға қажетті жағдайлар жасалған, медициналық-психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж.Қасымбек зардап шегуші азаматтармен кездесіп, алдағы қолдау шаралары туралы хабарлады. «Әзірге бұл үй жабық болады, онда тиісті зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Үйді қайта қалыпқа келтіруге жарайтын-жарамайтынын тексереміз. Бұған уақыт керек. Жұмыс жүргізіліп жатқан кезде әкімдік сіздерге өмір сүруге қажетті барлық жағдайды жасайды», - деді зардап шегушілерге Ж.Қасымбек.

№47 орта мектепте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовтың, полиция департаменттері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, «Жедел құтқару жасақтары» ММ, «ҚазТрансГазАймақ» ЖБФ, «Тараз қалалық электр желілері» ЖШС өкілдерінің қатысуымен оперативті кеңес өткізді.

Кеңес қорытындысы бойынша Жамбыл облысының әкіміне тиісті қызметтерге апаттық-қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуге көмек көрсету, зардап шегушілерге өмір сүруге қажетті жағдай жасау жайы тапсырылды.

Еске сала кетейік, бүгін таңғы сағат 06:21-де Тараз қаласы, «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы 62-үйде жарылыс болып, көпқабатты үйдің бір бөлігі, 1-3 қабаттары құлаған. 3 адам қаза тапқан. Бүгінде облыс басшылығы тарапынан жапа шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілуде. Тараз қаласындағы төтенше жағдайға байланысты +7(7262)513575 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"