ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: КӘСІПКЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 1075
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президент Үндеуіне байланысты аймақтардағы бизнес өкілдерінің басын қосып, басқарманың кеңейтілген отырысын өткізді. Жиында басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Президент Үндеуінде айқындық пен тұрақтылыққа назар аударылғанын жеткізді.

Осы тұрғыда кәсіпкерлер де пікірлерімен бөлісті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы, «Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы Римма Салықова мұның уақытылы қабылданған шешім екенін айтты.

– Бәріміз үшін тұрақтылық керек. Өз кезегінде бұл кәсіпкерліктің қарқынды дамуы мен ертеңгі күнге деген сенімділіктің кепілі. Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлау өткізу туралы мәлімдемесі қоғамның көптен күткен саяси оқиғасы. Әрбір қазақстандық сайлауға қатысып, ел болашағы үшін дауыс беруі тиіс деп ойлаймын, – деп атап өтті Римма Ажарқызы.

Ескелді ауданы «Кассанжар» шаруа қожалығының басшысы Жанатбек Сарғалдақов кезектен тыс Президент сайлауын өткізу инвестициялық климаттың дұрыс қалыптасып, жалпы елдің экономикалық дамуына үлкен әсерін тигізетінін айтты.

– Бұл сайлаудың бәріміз үшін маңызы зор. Қазіргі таңда Қазақстан ірі саяси-экономикалық өзгерістердің алдында тұр. Сондықтан сайлау барлық мәселенің түйінін тарқатып, айқындылық береді. Бұл - менің ғана пікірім емес, көптеген әріптесімнің ойы, – деді Жанатбек Сарғалдақов.

Басқарманың кеңейтілген отырысында басқа да аймақтардағы кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтардың өкілдері бірауыздан бизнес қашанда нақты әрі ашық шешімді таңдайтынын, әр жасалған қадам бизнестің дамуына тікелей әсер ететінін және кезектен тыс Президент сайлауын өткізу  – дұрыс шешім екенін сөз етті.

                                               Диас БЕЙСЕНБЕК,

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы