ЖЕҢІС-74: ӘКІМ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 06.05.2019
Оқылды: 1344
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қаһарман аталарымыздың қатары селдіреп барады. Жеңіс күні қарсаңында Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатбаев қарт жауынгерлерге арнайы дастарқан жайып, құрмет көрсетті.

Кеуделеріне орден, медальдарын жарқырата тағып, таяқтарын сүйрете келген соғыс ардагерлерін өңір басшысымен бірге аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрайымы Мейрамгүл Ермағанбетова ыстық ықыласпен қарсы алып, құттықтады.

- Сұрапыл соғыс даласына ауданымыздан 15 мыңнан астам азамат аттанып, олардың 2 мыңы ғана Отанына оралған. Осы күнге қаһарман қарттарымыздың қатары кеміп, небәрі 13 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 2 мыңға жуық тыл еңбеккерлері жетіп отыр. Жеңіске жету жолында аналарымыздың қосқан ерлік істері мен еңбектері ұшан-теңіз, - деген Рыскелді Ахметқалиұлы ерлік пен өрліктің үлгісіне айналған ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, отбасыларына амандық, бақ-береке тіледі. Мерейлі мерекеге орай, Алғыс хат пен қаржылай сыйлық, гүл шоқтарын табыс етті.

«Ерлігі – елге мұра, ұрпаққа – ұран» демекші, соғыс және еңбек ардагерлерінің ризашылығында шек болмады. Осы күнге жеткендеріне шүкіршілік еткен соғыс ардагері Алхан ата Рахымжанов аудан жұртшылығын еңбек етуге, Отанды сүюге, әр істе патриот болуға үндеді. Сондай-ақ, алапат соғыс өртінің бел ортасында болған Бейсебай Сертбеков, Павел Пучкин, Қанатай Қамырұлы, Оруш Тұрсунов аталар да ел есінде қаларлық естеліктерін тілге тиек етті.

Мерекелік шарада аудан өнерпаздары соғыс жылдарының әуезді әндерін тарту етті.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Талғар ауданы