ҚОҚЫС ТӨГУШІЛЕРДІ КОМПЬЮТЕРМЕН БАҚЫЛАЙДЫ

Уақыты: 21.05.2019
Оқылды: 1601
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың төрағалығымен селекторлық кеңес өтті. Жиында әр аудандағы санитарлық  тазарту, абаттандыру, көгалдандыру, рұқсат етілмеген жерге төгілген қоқыс орындарын жою және Талдықорған қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды.

Шарада алғашқы сөзді алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдар Беркімбаев:

Облыстағы елді мекендерде санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыруды өткізу мақсатында бірқатар іс-шара атқарылды. Тазалық маусымының мүлтіксіз орындалуын қадағалау мақсатында штаб мүшелерінің жұмыс кестесі құрылып, әр өңірді аралау уақыты бекітілді. Аудандарды арнайы барып араладым. Өкінішке қарай, аудан басшылары тазалық жұмыстарын толықтай орындап жатқан жоқ. Әсіресе, Ақсу, Балқаш, Алакөл аудандары. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде Қарасай, Іле, Талғар аудандарына жергілікті тұрғындардан арыз-шағым көптеп келуде. Кейбір аудандардың орталық көшелері де талапқа сай тазаланбаған. Тіпті, облыс орталығындағы жұмыстарды да қатаң бақылауға алуымыз керек. Өйткені, санитарлық тазалау жұмыстары тек орталық көшелерде ғана жүргізілуде. Қаланың шеті күл-қоқыстан көрінбейді, – деген басқарма басшысы слайд арқылы әр аудандағы жиналмай жатқан күл-қоқыстарды көрсетті.

Жиын барысында облыстық экология департаментінің бас маманы Шыңғыс Қошқарбаев заңдастырылмаған қоқыстық орындардың жұмысын жүргізу мақсатында қашықтықтан бақылау жүйесі құрылғанын айтты. Енді аудан-қала басшылары қоқыстың қайда жатқанын өңірді араламай-ақ компьютер арқылы көріп отырады.

Жиын соңында Айдарбек Байжанов: "Әр басшы өз жерінің жанашыры болуы керек. Таңертең жұмысқа барарда қаланы аралап, ең бірінші тазалығына мән беруі тиіс. Енді қаланы араламай-ақ жаңа жүйе арқылы қоқыстың қай жерде жатқанын көріп отырасыздар. Осыған орай ауыл-қалаларымыз тазарып, гүлдене түседі деген сенімдемін. Өйткені, жеріміздің экологиялық тазалығын сақтау біздің міндетіміз", – деп тазалықты бақылау үшін құрылған штаб мүшелерінің жұмысы өте нашар екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары аудан басшыларына ауыл көшелері мен күл-қоқыс төгілетін орындардың маңайын тазалап, көркейту мәселесіне біркісідей атсалысу жайында бірқатар тапсырма берді.

Айдар ҚАЛИЕВ