АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АҚЫНДАРЫ НҰР-СҰЛТАНҒА ЖЫР АРНАДЫ

Уақыты: 04.07.2019
Оқылды: 2660
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елорда күні мерекесіне орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» ұйымдастыруымен «Әлем таныған Нұр-Сұлтан» атты жыр мүшәйрасы өтті.

Жыр додасына облыстың түкпір-түкпірінен келген 18 ақын қатысып, өзара бақ сынасты. Сұлу сөзден сарай салған жазба ақындар додасына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, «Жетісу» газетінің аға тілшісі Гүлжан Тұрсын, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс, ақын, сазгер Жангелді Немеребай мен облыстық тідерді дамыту жөніндегі басқарма қызметкері, жас әдебиетші Әсем Кенжеғұлова қазылық жасады.

Мүшәйра шарты бойынша поэзия өкілдері Елордаға деген арнауы мен еркін тақырыпта жазылған өлеңін оқыды. Осылайша қос туындысын тамылжыта оқыған өңір ақындары арасында жүлделі ІІІ орын иегері деп «Жетісу» газетінің тілшісі Мәулен Әнербай мен алматылық Құрманғазы Жұмағұл алса, ІІ орында Асыл Сұлтанғазы, ал І орынды Мұхтар Күмісбек еншіледі. Шабытын отпен көсеп, от жүрегін маздада жыр алаулатқан жаркенттік Еркін Ғафу мүшәйраның бас жүлдесін қанжығалады. Жыр додасына қатысқан өзге ақындар да құралақан қалмай, Алғыс хатпен, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"