"ҚАТТЫ ҰНАДЫ": ҚАПАЛДЫҚТАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ ЕСЕЛЕНДІ

Уақыты: 04.07.2019
Оқылды: 1046
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапал ауылында «Менің елім» бағдарламасы аясында балаларға арналған спорттық ойын алаңы ашылды. Ауыл тұрғындарына мұндай сыйды «Самұрық-Қазына» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жасап отыр.

Ондағы мақсат – ел ертеңіне айналар жас буынның дені сау болып, уақытын тиімді өткізуіне ықпал ету.

Қызылды-жасылды шарлармен, жалаушалармен безендірілген алаң іші балақайлар мен ата-аналарға, ардагерлер және ауыл тұрғындарына лық толды. Халықтың салауатты өмір салтын қалыптастырып және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен заманауи алаңның жалпы ауданы 800 шаршы метр. Алаң футбол және балалар ойыны, жаттығу сияқты үш бөлікке бөлінген. Іші жарықтандырылып, өрнектастар төселіп, көпшілік демалатын орындықтар орнатылған. Балаларға арналған әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары да бар.

Игілікті істің қасынан табылған жандарға ауыл бүлдіршіндері де риза. Солардың бірі – 6 жасар Әміржан Серік. Ол әткеншек пен сырғанақтың беріктігін тексеріп жүрді. Риясыз күлкісіне қарағанда демеушілердің сыйлығы оның көңілінен шықты. Одан бөлек екі шөбересін ерте келген ардагер ұстаз Мәйкебала Саламатова:

– Ауылдың балаларына бұл алаң қатты ұнады. Тұрғындардың атынан алғысымды айта отырып, осындай жақсы істердің куәсі бола берейік деймін. Атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Енді балалар мен жасөспірімдер алаңды бұзбай, көздің қарашығындай сақтап, тәртіппен пайдаланады деген ойдаймыз, – дейді.

Жаңа алаңда жергілікті спортшылар да келіп, футбол ойнады. Қатысқан командалар арасында аудан әкімі Есім Базарханов бастаған топ та бар. Бұдан былай қапалдық балалар да спорттық өз ойын алаңдарында асыр салып, құмарлары қанғанша ойнайтын болады.

Еңлік ҚАБДЕШ

Ақсу ауданы