ҮЗДІК ҮШТІКТЕ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР САБАҚ БЕРЕТІН РОБОТ ҚҰРАСТЫРДЫ

Уақыты: 14.11.2019
Оқылды: 1014
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің робототехника құрастыратын жастар командасы Венгрияның Дьер қаласынан табысты оралды. Белгілі өнертапқыш Николай Авдюниннің жетекшілігіндегі олар WRO чемпионатының (World Robot Olympiad – Робототехникадан Бүкіләлемдік олимпиада) үздік үштігіне еніп, елге қола медаль алып келді.

NIS құрама командасы «Ақылды білім» секциясында математика мен бейнелеу өнері пәнінен сабақ беретін, әліпбиді үйренуге көмектесетін, көру және есту қабілеті нашар балалармен жұмыс істейтін бастауыш сынып мұғалімі «Ziggurat» роботын таныстырды.

– Жобаның идеясы Талдықорған Зияткерлік мектебінің өкілі Даниил Филимоновке тиесілі, онымен бірге Алматыдағы физика-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектеп оқушысы Любовь Дудченко және Талдықорғандағы NEXTROBOT орталығынан Элина Пак жұмыс істеді. Ал оларға робототехникадан Алматы облысы құрама командасының жаттықтырушысы Николай Авдюнин жетекшілік етті. Финалда біздің балалар әлемнің 73 елінен 400-ден астам командамен кездесті, – дейді бүгінгі күннің қаһармандарына қатысты «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары Азамат Биданов.

Николай Авдюнин – еліміздегі робототехника саласындағы ең танымал жаттықтырушылардың бірі, Талдықорғандағы НЗМ-де ашылған сәттен бастап жұмыс істейді. Венгриядағы жетістік – бұл Николай оқушыларының WRO-дағы үшінші жеңісі. Бұған дейін Сочиден қола және Нью-Делиден алтын медаль алып келген болатын.

– Қазір әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, терең және жылдам технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер кезеңіне қадам басты. Жыл сайын біз оқушыларымыздың әлеуетін дамыту үшін жобалар жасаймыз, осылайша ақпараттық өндірісті жетілдіруге тырысамыз, ақпараттық өндіріс негізінде ел экономикасы жаңа деңгейге көтеріле алады, – деп атап өтті Николай Авдюнин.

Венгрияның Дьер қаласында өткен "WRO – 2019" «Ақылды қалалар» тақырыбына арналды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы –2014 жылдан бастап Бүкіләлемдік робототехника олимпиадасының ұлттық үйлестірушісі.

NIS-тің Көкшетау, Орал және елордадағы физика-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектептер командасы Бүкіләлемдік олимпиаданың үздік ондығына кірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы облысы