"ҚИСАЯ БАСТАДЫ": АМАН ҚАЛҒАН ЖОЛАУШЫ ҰШАҚТА НЕ КӨРГЕНІН АЙТЫП БЕРДІ

Уақыты: 28.12.2019
Оқылды: 2011
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматыда болған ұшақ апатынан "Жыл мұғалімі" сыйлығының жеңімпазы аман қалды. Алматыдағы №123 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Назым Абағанова "Жыл мұғалімі" республикалық байқауының жеңімпазы атағына лайық деп танылған. Педагог Нұр-Сұлтанға марапаттау шарасына қатысуға шыққан еді.

- Ұшаққа билет біразға дейін табылмады. Осы билет арзан табылғанда қатты қуандым. Таңғы сағат 3-4 шамасында күйеуім әуежайға шығарып салды. Түк болмағандай отырдық. Ешқандай сезім болмады. Ұшақ қозғалғанда мен ұйықтап кетіппін. Сол кезде ұшақ бір рет жерге соғылыпты. Оны мен ұйықтап отырып байқамаппын. Бір уақытта ұшақ екпінмен зымырай жөнелді. Әуеге көтерілгенде ұшақ бір жаққа қарай қисая бастады. Салон тарсылдап, дірілдеп кетті. Сол кезде арттағылар неге бірінші тарс еткенде тоқтамады мына пилот деп айтып жатты. Содан кейін 5 минут өтті ме, өтпеді ме, білмеймін. Мен отырған қанат жағы сырылдап жерге тиіп, ұшқын шығарып келе жатты. Тарс еткен дыбыс шықты. Көзімді ашсам тура қарсы алдымда темір ме, бетон ба, бірдеңе болды. Мен 13-орында отырған едім. Шамалауымша, алдындағы адамдарды бетон мыжып кеткен болу керек. Маған 30 сантиметр жетпей тоқтады. Сол кездегі қорқынышты айтып жеткізу мүмкін емес. Мен өлдім деп ойладым. Бір кино, түс сияқты. Бір уақытта төбеміздегі багаждар құлай бастады. «Тез шығыңдар, жарылады» деп айқайлап жатты. Біреулер шыңғырып, құтқарыңдар деп жалынып жатты, - деді әуе апатынан аман қалған мұғалім.

Назым Мамырбекқызы ұшақтың оң жағындағы есіктен әупірімдеп шығып үлгерген. Жерге секіріп түскенде, аяғын темір сырып кеткен. Басқа жарақаттан дін аман. «Мен де жарылады дегенді естіп, кетіп қалсам деген ой болды. Бірақ аяғым бастырмады. Әрең түстім де, дірілдеп, қармен ұзай бердім. Құлағым тарс бітеліп қалған. Шокпыз. Адамдар шамалары келгенше түсіп, жан-жаққа бытырап беті ауған жаққа кетіп жатты. Бір есімді жисам, ұшақ ұшатын жолға шығып кетіппіз. Сары жилет кигендер айқайлап, ұшақ басатынын айтып шақырып алды. Әйтеуір келдік. Сол кезде бізге автобус келіп, аэропортқа алып кетті. Күйеуіме бірден қоңырау шалып, ұша алмай қалдық дедім. Апат болды деп айтпадым. Әуежайға келгенде бізге медицина қызметкерлері, "Жедел жәрдем", психологтар көмектесе бастады», - деді Назым Абағанова. Жыл мұғалімі әуе апатынан әлі есін жинай алмай жүргенін айтты.

"ҚАЗАҚПАРАТ"