Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"БІЗ БІРГЕМІЗ!" АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЕРІКТІЛЕР ЖЫЛЫ САЛТАНАТПЕН АШЫЛДЫ

Уақыты: 13.01.2020
Оқылды: 1023

Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ халыққа арнаған Жолдауында 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай, Жастарға қызмет көрсету орталығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа БАЛИЕВАНЫҢ қатысуымен «Теd-talks» форматында жиын өтті. Оған ерікті жастар қатысып, тың ойларын ортаға салып, жобаларын таныстырды.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас:

– Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік бермек. Сондықтан, уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға құйылған инвестиция болып табылады. Бүгінде өлкемізде бойындағы ізгілік нұрын айналасына шуақ етіп шашып жүрген 1043 ерікті және 19 еріктілер ұйымы бар. Олардың белсенділігі мен елеулі еңбегіне облыс жұртшылығы куә, – дей келе, облыста Еріктілер жылын ашып, белсенді жастарға тың серпін беру үшін жиналып отырғандықтарын тілге тиек етті.

Өз кезегінде облысымыздың 17 аудан, 3 қаласынан келген жастардың тың жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Айта кетсек, «Қолөнер оқыту курсы», «Ауылшаруашылық өндірістік кооперативі», «Автоеріктілер», «Еріктілер қозғалысы», «Ұлт аспаптар шеберханасы», «Еріктілер шыңы», «Экопакет», «Етік өндірісі», «Қайта өңдеу «Шуақты қала», «Ешкі шаруашылығы», «Этноауыл», «Жер телімдері. Жылыжай», «75 игі іс-шара», «BAQYT», «SELFiE PARK», «Future-IT», экология сынды бірнеше тақырыпта жобалар қорғалды.

Өңір экономикасының өсуіне ықпал етіп, тұралап қалған кейбір салалардың тамырына қан жүгіртетін, көпшіліктің тұрмысына, әлеуметтік мүмкіншілігіне оң әсерін беретін бұл жобалармен танысып шыққан Зағипа Яхияқызы аталған жобалар тек өңір шеңберінде қалып қоймай, ел көлемінде жүзеге асуы керектігін ескертті. Облыс басшысына жекелеген ауданда жүзеге асырылатын жоба ретінде ғана емес, мүмкіндік болса облыс, республика көлемінде бастама болатын дүние ретінде қолдау сұрау керектігін және бұл дүниелердің ауқымын кеңейту үшін жоба авторларының аянбау қажеттігін атап өтті.

Жүздесуден кейін «Жастар» спорт сарайында «Біз біргеміз» атты Еріктілер жылының ашылу салтанаты ұйымдастырылды.

Қазақ елінің тарихынан сыр шертіп, жалынды жастарының қабілет-қарымын көрсетер заманауи бимен шымылдығы түрілген салтанатты шарада еріктілерге арналған бейнеүзік көрсетілді. Алғашқы болып облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ сөз алды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтті. Бүгін, міне, жер жаннаты Жетісуда көңілден шыққан істің басында жиналып отырмыз. Мен әрқашанда еріктілердің жұмысына ризашылығымды білдіріп келемін. Өткен жылдың соңында Алматы қаласы маңында болған ұшақ апатына да еріктілер ең алдымен жетіп, өз қолдарынан келгенше көмегін аямады. Сол секілді елдің қуанышына да ортақтасып келе жатқан еріктілер жетерлік. Мен солардың бәріне облыс басшысы ретінде 2 миллионнан астам жергілікті халықтың атынан алғысымды айтқым келеді, – деген облыс басшысы Еріктілер жылының ашылуымен көпшілікті құттықтап, алдағы уақытта олармен игілікті істі ортақтаса атқаратындығын айрықша атап өтті.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зағипа Балиева, Омархан Өксікбаев, Ерсұлтан Бектұрғанов, Марат Бопазовтар сөз алып, салтанатты шараның ашылуымен құттықтап, қашанда ел азаматтарына сенім артатындарын жеткізіп, сол сенім үдесінен тек жігерлі жандардың ғана шығатынын айрықша атап өтті.

– «Ерікті» сөзі қазақ еліне жаңадан келген түсінік емес. Жақыныңа жәрдем ету, қол ұшын созу ұлт менталитетіне бағзыдан сіңген, бойына дарыған төл қасиет. Болмысына ана сүтімен дарып, баба өсиетімен ғасырлар көшінде бірге жасаған құндылығы, – деп ойын тереңнен тартқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, әнші Сәкен Майғазиев «ерікті» деген сөзге синоним, балама ретінде «асар» сөзін алуға болатынын, асар – ауыл-аймақ, көрші-қолаң болып мұқтаж жанға қолдарынан келгенше тегін көмек көрсету екенін, мұның дәстүрге де айналып кеткенін атап өтті. Сондықтан, «ерікті» сөзін кейін пайда болған немесе жаңа заманның термині деп қабылдаудың қажеті жоқ екендігін ескерте келе, жетімін жылатпаған бекзат жұрттың есігінен аттаған бұл жыл тек жақсылыққа бастасын теген тілегін жеткізді.

Игі шара барысында паралимпиадалық ойындардың қатысушысы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік Есматов, айтыскер ақын, тележүргізуші Жандарбек Бұлғақов, «Еріктілер лигасы» Қайырымдылық қоры төрайымының орынбасары Камила Зейналова, облыс әкімінің «Көшбасшы – 2018» Жастар сыйлығының «Үздік ерікті» аталымының жеңімпазы Ержан Дәулетбаев, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, ақын, «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі Мақпал Мыса, облыс әкімінің «Көшбасшы – 2019» Жастар сыйлығының «Үздік ерікті» аталымының жеңімпазы Жазель Дакубаевалар ақжарма тілектерін ақтарысты.

Салтанатты шараның соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы