"УАҚЫТ ҮНЕМДЕЛЕДІ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖЫЛДАМ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ОФИС АШЫЛДЫ

Уақыты: 22.01.2020
Оқылды: 1332
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жергілікті халықтың әлеуметтік мәселелері мен түйткілді сұрақтарына дер кезінде жауап беру - бүгінгі күннің басты талабы. Осыған орай, Жетісу жерінде бірқатар жоба қолға алынып, тұрғындарға ашық қызмет көрсететін сервистік әкімдіктер ашылып жатыр. Облыс орталығы Талдықорған қалалық әкімдігінде «Adaldyq alańy» және қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің ғимаратында «Open Taldyqorǵan» атты жобалық офис ашылды.

Қос жобаның ашылу салтанатына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев, қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қатысып, көпшілікке қызмет ететін нысандардың жұмысына сәттілік тіледі.

Қалалық әкімдікте орналасқан «Adaldyq alańy» жобасының жетекшісі Сәуле Арзанбекованың айтуынша бұл ең алдымен қала тұрғындарын толғандырған мәселелердің тиімді шешілуіне септігін тигізеді. Өйткені, халық туындаған мәселенің шешімін жетік білетін маманнан бетпе-бет сұрағанды әрі түйткілді тақырыптың жауабын дер кезінде алғанды қалайды. Сондықтан, қала әкімдігі осындай екі жобаны іске қосқан. Оның үстіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған әкімдік жұмысының ашықтығын, жариялылығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет.

Қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің ғимаратында орналасқан «Open Taldyqorǵan» сервистік офисінде жергілікті халыққа көрсетілер мемлекеттік қызмет түрлері ұсынылып, көпшіліктің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Салтанатты шараға қатысқан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаевтың айтуына қарағанда Жетісу жерінде осымен 5 ашық алаң жұмыс істеп жатыр.

– Осыдан бір жарым жыл бұрын республика бойынша алғаш рет сервистік әкімдікті Үштөбе кентінде ашқан едік. Одан кейін Қарасай ауданының Үшқоңыр ауылдық округінде ашылды. 23 мың халқы бар ауылдық округтегі сервистік әкімдік өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Енді міне, кезек облыс орталығына да келді, – деген Серікбай Өрікбайұлының айтуынша, мұнда қаланың тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызмет көрсетеді. – Мұның ерекшелігі – тұрғындар баспанасына, әлеуметтік жеңілдіктерге, берілетін жәрдемақыға байланысты нақты жұмыстың нәтижесін көрсе, қала әкімдігінің ғимаратындағы «Adaldyq alańy» жобасынан халық ақылдасатын жайлардың, ой-пікірлердің жауабын алып, басшылардың ақыл-кеңесін тыңдайды. Яғни, көпшілікке қажетті қала көшелерінің тазалығы, көгалдандыру, абаттандыру сынды аса қажетті мәселелерді талқылап, өз ұсыныс-тілектерін жеткізеді. Ой бөлісу, пікір алмасу, нақты жобалар ұсыну секілді талап-тілектерге қала әкімі мен орынбасарлары, бөлім басшылары жауап береді. Бұл – бір. Екінші – қаланың жобасын өзгертуге, көшелерді кеңейтуге, жабайы сауданы тоқтатуға байланысты мәселелерге деген халықтың ой-пікірін білу қазір газет, журнал, радио-телеарналар, әлеуметтік желілер арқылы жүргізіледі. Тұрғындармен қала әкімдігінің ақылдасуы қысқа уақыттың ішінде, оңай әрі жылдам өтеді. Сол арқылы ортақ шешім шығару қиын емес.

Талдықорған қаласында былтыр 7 мың 307 тұрғыннан түрлі шағым мен өтініш келіп түскен. Олардың басым бөлігі жер телімі мен пәтер алуға арналған. Мамандардың пікіріне қарағанда, көтерілген мәселелердің бәріне толық жауап беріліп, көпшіліктің сұранысы қажетті деңгейде жүзеге асырылыпты.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы