"СЫЙАҚЫ АЛҒАН": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖЕРЛЕУ РӘСІМІНДЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 23.01.2020
Оқылды: 1604
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет тарапынан бейіт, молаларға қызмет көрсетілмейді. Тіпті, зиратта жерді бөлудің арнайы жүйесі жоқ. Зираттағы марқұмдар туралы мәліметтер де жинақталмайды. Осындай олқылықтарды болдырмас үшін зиратқа қызмет көрсету ісін бір жүйеге түсіріп, нақты шараларды қолға алу керек. Мұндай пікір Талдықорғандағы "Jetisu media" алаңында жерлеу рәсіміндегі жемқорлық тақырыбында өткен брифингте айтылды.

Тақырыпқа байланысты кезекпен сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев, жеке кәсіпкер Евгений Мельников, журналист, жеке кәсіпкер Сандуғаш Дүйсенова ең көлеңкелі, жасырын бизнестің бірі саналатын жерлеу қызметіндегі келеңсіздік пен тәртіпсіздікті әңгімеледі.

Атап айтқанда, бұл салада сыбайлас жемқорлықтың белгілері өте көп. Мысалы, жерлеу рәсімін орындайтын агенттіктердің өз арасында бәсекелестік пайда болған. Соның кесірінен жерлеу қызметінің өкілі мен ауруханалар арасында сыбайластық өршіген. Тіпті, жерлеу агенттігі қайтыс болған жан туралы мәліметті жылдам жеткізген аурухана дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне сыйақы төлейтін көрінеді.

Брифинг қонағы Жандос Жұмабаевтың айтуынша, агенттіктің облыстық департаменті «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірге бірнеше тұрғынның өтініші мен шағымы бойынша өңірдегі салттық қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіп, Жетісу жерінде жыл сайын шамамен 13 мың адам өлетінін анықтады. Соған байланысты жерлеу рәсімдерін жүргізетін кәсіпкерлер арасында бәсекелі тартыс жүріп жатқанын, яғни, әрбір қайтыс болған адам туралы мәліметті алдымен алған мекеменің жұлдызы жанатынын білді. Ол үшін салттық ұйымдар қандай да бір аурухананың қызметкерімен келісу арқылы марқұмдар туралы мәлімет алады. Адамның өз үйінде қайтыс болғанын полиция қызметкері жерлеу бюросына хабарлайды. Осылайша ақпарат алу жолында сыбайлас жемқорлық белгілері орын алады. Оның үстіне жерлеу рәсімдерін өткізуді монополияға қарсы күрес мекемесі бақылай алмайды. Соған сай ондай қызметтің еш лицензиясы жоқ. Салттық (жерлеу) қызмет көрсету үшін тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жеткілікті. Сондықтан, олардың қызметтерінің бағасы әрқилы болып келеді.

– Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті берген мәліметтерге қарағанда Жетісу жерінде жерлеу рәсімдерін ұйымдастырумен және салттық қызмет көрсетумен 34 жеке кәсіпкер мен 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік айналысады. Бұл тек ресми тіркелгендері. Ал бейресми айналысатындар өте көп, – деген Жандос Жұмабаев бейіттің жері сатылмауы керектігін алға тартты. – Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 109-шы бабының 3-ші тармағында зираттар орналасқан және соларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден елдi мекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын немесе осы елдi мекенде қайтыс болған тұрғылықты жерi белгiсiз адамды жерлеу үшiн кемiнде алты шаршы метр жер учаскесi тегiн бөлiнетіні анық жазылған. Осы бапқа сүйене отырып, зиратқа бөлінетін барлық жерлер ортақ екендігін ескерткіміз келеді. Яғни, жер барлық қайтыс болғандарға тегін беріледі. Тек жерлеу қызметі ғана ақылы болуы мүмкін. Бірақ жер үшін ешкім ақы алуға құқылы емес.

Әдетте қазақы ұғым бойынша қайтыс болған адамды жерлеу, қажетті діни рәсімдерін бала-шаға, ағайын-туысы өткереді. Ешкімі жоқ жанның өзін ауылдастары жер қойнына беріп, қажетті салтын жасайды. Алайда әлдекімді жерлегені үшін ақы алыпты деген сөз мүлдем болған емес. Жерлеу рәсімдерін ақымен өткізу көбіне қалалы жерлерде, тұрғындар көп шоғырланған елді мекендерде бар екенін жасыра алмаймыз.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы