"КӨРЕМІЗ ОНЫҢ БӘРІН": ПРЕЗИДЕНТ АМАНДЫҚ БАТАЛОВТЫҢ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 24.01.2020
Оқылды: 1118
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл Алматы облысы тұрғындарының 56 пайызына көгілдір отын беріледі. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ мәлім етті.

Оның айтуынша, Алматы облысының небәрі 9-11 пайызы ғана көгілдір отынның қызығын көріп келген. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен Алматыдан Талдықорғанға дейін 250 шақырымдық негізгі магистралды газ құбырын тарту жұмысын аяқтады. Мұнан бөлек, өңірдің өз қаражаты есебінен Текелі қаласына дейін газ құбыры тартылып, жол бойындағы Ескелді ауданы қамтылған. Жаркент, Шонжы, Бақанас, Сарыөзек, Үштөбеге дейін де газ құбыры жеткізілген.

Қазіргі уақытта Талдықорған қаласына газ құбырын тарту жұмыстары жүзеге асып жатыр.

- Биыл 1 миллион 400 мың адамға газ жеткізіп береміз. Яғни, облыс тұрғындарының 56 пайызы көгілдір отынға қол жеткізетін болды, - деді Алматы облысының әкімі жиынға төрағалық етіп отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарата.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы әкімінің деректерін нақтылап, тағы бір сұрай келе: «Жақсы. Жылдың екінші жартысында барамын. Көреміз оның бәрін», - деді.

"ҚАЗАҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды