ТАЛДЫҚОРҒАНҒА КЕЛГЕН МИНИСТР АЛТЫ АДАМДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 11.02.2020
Оқылды: 889
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА Талдықорған қаласында қоғамдық қабылдау өткізіп, Жетісу жұртшылығын толғандырған мәселелерді сұрап білді. «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында өткен кездесуге 6 адам жазылыпты. Олардың әрқайсысы қойған сұрақтарына лайықты жауап алып, көпшілікке қажетті тақырыптардың ашыла түсуіне ықпал етті.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінде халықпен тығыз байланыс орнатуға берген тапсырмасына орай және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлық қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған «Халық үшін құлақ асатын мемлекетті қалыптастыру» міндеттері бойынша өткен қоғамдық қабылдауға алғашқы болып кірген Талдықорған қаласының тұрғыны Ғалия Темірбаева бүгінде ғылым, мәдениет, өндіріс және әлеуметтік сала өкілдеріне тек «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілетінін, осыған орай бұрынғы «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі», «Халық артисі» деген атақтардың қайта бекітілуін сұраса, Қарасай ауданы, Шамалған ауылының тұрғыны Серік Қалиев Алматы облысында археологиялық мұражай ашу мәселесін көтерді.

– Бүгінде  Алматы облысында 26 мұражай жұмыс істейді. Алайда бірде-бір археологиялық мұражай, бірде-бір ғылыми зертхана жоқ. Жетісу жері тарихқа бай, әлемге әйгілі «Алтын Адам» табылған сақ қорғандарының өлкесі. Соған қарамастан облыста археологиялық мұражайдың жоқтығы көңілді күпті ете түседі. Бүгінгідей мәдениет пен туризм дамыған  рухани жаңғыру дәуірінде реставрациялық шеберханасы, ғылыми-өндірістік зертханасы бар археологиялық мұражай облыс орталығына өте қажет. Осы мәселені қалай шешуге болады? – деген сауалға Ақтоты Рахметоллақызы жан-жақты жауап берді.

– Алматы облысы ғана емес, жалпы еліміз археологиялық тарихи ескерткіштерге бай. Ерте замандарда Ұлы Жібек жолының бойында тіршілігі қыз-қыз қайнаған қалалардың деректерін археологиялық қазба жұмыстары арқылы біліп отырмыз. Сонымен қатар, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қомақты қаржы жұмсалып, тарихи танымдық жұмыстар жалғасуда. «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы металл қорытудың біздің еліміздің аумағында басталғанын айтады. Соған орай еліміздің барлық өңірлерінде тарихқа қатысты зерттеу, анықтау, археологиялық қазба жұмыстары жергілікті, республикалық бюджеттен қаржыландырылып, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауына беріліп келеді. Жақында ғана «Тарихи ескерткіштерді сақтау туралы» Заңының жобасы Парламенттің қарауынан шықты. Себебі, қазір заңсыз археологиялық қазба жұмыстарын жүргізетіндер еліміз үшін маңызды аумақтардағы нысандарды қазып, ондағы құнды заттарды Қазақстан шегарасынан шығарып әкете бастады. Соған орай заң күшейтіліп отыр. Сондықтан, тарихи өлкетану мұражайларының аясында археологиялық жұмыстар жүргізіліп, ғылыми тұрғыдан зерттеу ісі жандануы керек деп ойлаймын. Сіздің пікіріңізді қарастырамыз. Жалпы, археологиялық жұмыстар заң шеңберінде жүргізілуі тиіс, – деп мәселенің маңыздылығын түсіндіріп өтті.

Дәл осы бағытта сұрақ қойған облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының қызметкері Жандос Адамжанов облыс аумағындағы киелі жерлерді ашық аспан астындағы музейге айналдыру жобасын жүзеге асыруға қатысты өтініш-тілегі бар екенін жеткізсе, «Биг-Бэнд» эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Данияр Жақиянов үрмелі аспаптарда ойнайтын артистерге зияндығы үшін қосымша ақы төлеу немесе зейнетақыға ерте шығару жағын қарастыру қажеттігін мәселе ретінде ұсынды.

Одан соң қол күрестен Азия чемпионы Әбдуалы Тастанов ардагер спортшыларға қолдау көрсетуді, спортшылардың айлық жалақысын көтеруді және Шаған тауының биігінен спорттық жаттығу кешенін салуды ұсыныс ретінде айтса, Талдықорған қаласының тұрғыны Мәрия Мәми жұбайы, марқұм Ахметбек Әлпекұлының шығармаларын Абай атындағы опера-балет театрының репертуарына кіргізуді өтініш ретінде ұсынды.

Қойылған сауалдар мен ұсыныстарға заң шеңберінде жауап берген Ақтоты Райымқұловаға облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев Жетісу жерінің картасы салынған картинаны естелік ретінде тапсырды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы