МҰҚАҒАЛИ ӨЛЕҢДЕРІНЕ ЖАЗЫЛҒАН ӘН БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Уақыты: 13.02.2020
Оқылды: 1939
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Елшенбүйрек етегінде, Қарасудың бойындағы қарапайым ауылда «Жырлайды жүрек» атты Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндердің байқауы өтті. Осымен он үшінші рет өтіп отырған рухани кеш биыл ұйымдастырушылар тарапының өтінішімен, Райымбек ауданы мен Қарасаз ауылдық әкімдігінің қолдауымен ақынның туған жерінде болды.

Әуелі облыс орталығында онлайн бағытында іріктеу өтті. Оған облысымыздың барлық ауданынан қырықтан аса үміткер қатысты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-күйші, композитор Бақберген Асқарбеков төрағалық жасаған, құрамында саналы ғұмырын Аспантау аясындағы елдің мәдениетінің өркендеуіне арнаған композитор Жақсылық Әбдіраманов сынды аға буын бар, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, қазіргі таңда Талдықорғандағы Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің ұстазы Төлеутай Серіков, ҚР Мәдениет саласының үздігі, шығармашылық орталықтың қызметкері Асқар Нұрмыхамедов пен облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері Жұматай Оспанұлы сынды қазылар алқасы ақтық сынға он сегіз үміткерге жолдама берген еді. Оның тоғызы дәстүрлі ән бағытында болса, тоғызы эстрада жанры бойынша бақ сынасты.

Ауыл алыс, жер шалғай болғандықтан бір күн бұрын байқауға қатысушылар мен қазылар алқасын бастап, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ермек Доланғаранов Қарасазға алып барды. Қашанда ауылына келген қонағына құшағын ашып, бауырына басатын қарасаздықтар бұл жолы да байқауға қатысы бар елуге тарта адамды кең пейілмен қарсы алып, бірден Қарасаздың төріндегі ақынның бар мұрасы сақталған еңселі музейді аралаудан бастады.

Мұқағали Сүлейменұлының өзі айтқан «ХХ ғасырдағы құрдастары» ақынның жауһар жырымен таныстыруын бастады. Шалғай ауылдың шырағына айналған шаңырақта бізді қуантқаны, тіпті, таңғалдырғаны десек те болады, оқушылар қазақша, ағылшынша, орысша және қытай тілінде таныстырып жатты. Мұқағали ақынның өлеңдері арқылы өзінің ана тілін құрметтеген жеткіншектердің өзге тілде еркін сөйлеуі жарасып-ақ тұрды. Ақын мұражайынан әдемі әсермен шыққан әншілер байқауға да өзгеше тебіреніспен еніп кетті.

Биылғы байқаудағы ерекшеліктің бірі – дәстүрлі ән бағытында келген үміткерлердің таңдай қақтырған таланты болды. Жылда ақынның сөзіне жазылған бір әнді бірнеше әншінің орындауы қынжылтатын. Биылғы ережеде – жаңа орындалған әнге қосымша баға беріледі дегенді естігеннен бе, әйтеуір, бірнеше жаңа туындыға куә болдық. Эстрада бағытында да осындай ерекшелік орын алды.

Түс ауа басталған гала-концерттің шымылдығы Кеген аудандық халық тетарының көрінісімен ашылып, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлының құттықтауына ұласты. Ақ тілегін ақынның жырымен жеткізіп, келген қонақтарға елі мен жерін таныстырып, өлмес өлеңі арқылы мәңгілк ғұмырға айналып кеткен ақынның құрметіне арналып, жыл сайын өтіп келе жатқан «Жырлайды жүрек» байқауының келер жылы болатын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай республикалық деңгейде өтуіне аудан әкімдігінің де қолдау көрсететінін жеткізді.

Ары қарай қазылар алқасының шешімімен жүлдегерлер марапатталды. Қатысушыларға арнайы Алғыс хат пен Мұқағали ақынның жыр жинағы табыс етілсе, дәстүрлі және эстарада бағыты бойынша ынталандыру сыйлығын алғандарға 30 000 (отыз мың) теңгеден, үшінші орын иегерлеріне 40 000 (қырық мың) теңгеден, екінші орын жеңімпаздарына 50 000 (елу мың) теңгеден, бірінші орын алған қос жүйрікке 60 000 (алпыс мың) теңгеден, ал дәстүрлі ән бағытында бас жүлдегер атанған «Күреңбел» триосы (Кербұлақ ауданы) мен эстрада жанры бойынша бас жүлде алған «Бастау» тобына (Ескелді ауданы) 70 000 (жетпіс мың) теңгеден жүлде табысталды.

Келесі кезекте Жұматай Оспанұлы Қарсаздың төрінде ақынның «Бабаларым, рахмет, сендерге» өлеңінен сыбаға ұсынса, әнші Бақберген Асқарбеков осыдан отыз жылдай бұрын әнін шығарып, Жанар Айжанованың орындауында ел жүрегінен орын алған «Әже, келін, немере» әнін тарту етті. Төлеутай Серіков те өз кезегінде Тұрсынғазы Рахимов әнін жазған «Сәби болғым келеді» әнін тамылжыта орындап берді. Одан кейін жеңімпаздардың гала-концерті ел назарына ұсынылды. Осылайша бір күн бойы Қарасазды ән тербетіп, ақынның рухы туған дала төсінде асқақатап тұрғандай әсер қалдырды.

АЙ-ЗЕРЕ

Қарасаз ауылы,

Райымбек ауданы,

Алматы облысы