АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Уақыты: 15.02.2020
Оқылды: 1136
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында Жетісу жерінің өркендеуіне, дамуына қатысты мәселелер талқыланып, кемшін соғып жатқан тұстарды шешу жолдары қарастырылды. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Ермек Келемсейіт отырыста үш мәселе қаралатынын жеткізіп, жұмыс тәртібімен таныстырды.

Бірінші мәселе бойынша есеп берген облыстық мәслихаттың «Алматы облысы аумағында сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру қағидаларын бекіту туралы» шешімінің жобасы бойынша облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Дәрібаев, облыс әкімдігінің «Спорт түрлері бойынша ҚР құрама командаларының құрамына кіретін спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ай сайынғы төлемдердің мөлшерін бекіту туралы» қаулысының жобасы бойынша облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Алмат Үшкемпіров, облыс әкімдігінің «Сарқан өзенінің су қорғау аймақтарын шаруашылықта пайдалану режимін белгілеу туралы» қаулысының жобасы бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айбек Қонақбаев кеңес мүшелері қойған сауалдарға жауап беріп, мәселелердің жан-жақты талқыланылуына септігін тигізді. Одан бөлек тағы жеті тақырып бойынша облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің кейбір қаулыларының күшін жойылды деп тану туралы» қаулысының жобасын жария талқылады.

Одан соң Алматы облысы қоғамдық кеңесінің 2020 жылға арналған жұмыс жоспарымен танысқан қоғамдық кеңес мүшелері алқалы жиынға облыстық прокуратура өкілдерінің де қатысуы керектігін ескертті.

Бұдан соң облыс әкімі Амандық Баталов Алматы облысының 2019  жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері және 2020 жылға арналған міндеттері туралы есеп беріп, өңір жетістігін паш етті.

Оның айтуынша, Жетісу жеріндегі көрсеткіш жоғары, табыс мол, өсім еселеніп отыр. Осыған байланысты әрбір саланың жұмысына жеке-жеке тоқталып, табыс мөлшерін нақты санмен көрсетіп берген аймақ жетекшісінен кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов Алматы облыстық мәслихатының өткен жылы атқарған қызмет жайлы баяндаса, облыстық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Ермек Келемсейіт қоғамдық кеңестің былтыр атқарған қызметі туралы есеп берді.

Тақырыпқа байланысты Жетісу жеріндегі мүгедектердің атынан сөз алған Роза Ақжаркенова Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мүгедек жандарды қабылдауды оңайлатуға қажетті қандай қадам жасалып отырғанын, соңғы кезде елімізде өршіп тұрған қатерлі ісік ауруын емдеумен айналысатын Талдықорған қаласы мен Талғар ауданындағы онкология ауруханаларының ғимараты әбден тозғанын, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған реабилитациялық орталық салу мәселесін сауал ретінде жолдады.

– Ұрпағымыздың денсаулығы мықты, дені сау болғанын қаласақ дәрігерлерге қолдау көрсету керек екендігі белгілі. Осыған орай Талдықорғанда дәрігерлерге арнап көпқабатты тұрғын үй салмақшымыз. Одан бөлек, қазір елімізде қолға алынып отырған міндетті медициналық сақтандырудың мүмкіндігі орасан дер едім. Соған байланысты облыстың барлық өңірлеріндегі ауруханалар мен емханалар өздеріне тіркелген адам санына орай мемлекеттен қолдау алып отыр. Бұл, бір шетінен, дәрігер мамандығының жетіспеушілігін тоқтатса, негізінен халықтың денсаулығын жақсартуға тікелей әсер етеді, – деген Амандық Ғаббасұлы атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталды. – Былтыр 14 ауылдық дәрігерлік амбулатория салып, тұрғындардың пайдалануына бердік. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Онда да дәрігер жетіспейтін, шалғайдағы ауылдық округтердегі амбулаторияларды жаңартумен өзіміздің кәсіпкерлер айналысуда. Яғни, ескірген ауруханалар мен емханалардың ғимаратын жаңартып, жаңа құрылғыларын әпереді, шатырын жылытып, есік-терезелерін ауыстырады. Міне, осы бағыттағы жұмыс тоқтамауы керек. Мысалы, Райымбек ауданының орталығында жаңартылған ғимаратқа орналасқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сәулет, еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, жер қатынастары сынды бөлімдер көпшіліктің көңілінен шықты. Қапшағайдағы ескі балабақшаның қайта жасалған ғимаратында да тұрғындарға керекті мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Халық санының өсуіне байланысты Талдықорған қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығы ұжымның қызмет көрсетуге үлгермей жатқаны соңғы кезде анық байқала бастады. Осыған орай жаңадан ашылған ықшамаудандарға салынып жатқан көпқабатты үйлердің бірінен ХҚКО ашуды жоспарға кіргізуді қала әкімдігіне тапсырамын.

Онкологиялық ауруханалар бойынша қазір жаңаша қадамдар жасалып жатыр. Облыс аумағындағы бірнеше аудандық аурухананың жұмысын жүргізуді кәсіпкерлер сұрап отыр. Соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтамасыз етілетін ондай ауруханалар халыққа мемлекеттік тапсырыстың аясында қызмет көрсетеді. Сол арқылы медициналық қызметтің сапасы артады. Ауруына ем іздегендер енді Ресей, Германия, Оңтүстік Корея сынды шет мемлекеттерге сандалмайды. Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында ашылған онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтайтын ситуациялық орталығы көпшіліктің көңілін күпті еткен аурудан айығуға көмегін беріп келеді. Бұл, тіпті, ТМД елдерінің аумағында алғаш іске қосылған орталық болып отыр. Міне, осы орталық облыс тұрғындары үшін таптырмас көмекшіге айналды. Ал мүгедектерге арналған реабилитациялық орталық жақын жылдары салынып, халықтың қажеттілігіне жұмыс істейді.

Одан соң Әмір Ғазалиев, Дания Қыдырбаева, Ақшабай Керімбеков, Алмасбек Садырбаев, Болат Айтпаев, Қайрат Нұрқанов сынды белсенділер көпшіліктің назарын аудартып отырған мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, электр қуатының бағасын тұрақтандыру, табиғи газбен қамтамасыз ету, мал шаруашылығын дамыту, ет өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға қолдау көрсету, өңірдегі омарташылық ісін өркендету, облыс орталығындағы көшелер мен аулаларды жөндеуден өткізу сынды мәселелерді шешудің жолын іздестірген қоғамдық кеңес мүшелеріне өңір жетекшісі нақты жауап беріп, жауапты органдарға тапсырма жүктеді.

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері отырысқа белсенді қатысып, жиын соңында кеңес отырысының қарарын бірауыздан қабылдап дауыс берді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы