АМАНДЫҚ БАТАЛОВ САНИТАРЛЫҚ БЕКЕТТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН ТЕКСЕРДІ

Уақыты: 02.04.2020
Оқылды: 978
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорған қаласына кіретін санитарлық бекеттердің жұмысымен танысып шықты.

Аймақ басшысы алдымен Алматы жақтан кіретін бірінші санитарлық бекетке келді. Мұнда екі тоспа қойылған. Оның біріншісі көліктердің қайдан келе жатқанын және қайда бара жатқанын қадағалайды. Көлік иесі мен жолаушы Талдықорған қаласына қатысы болмаса, кері қайтарылады. Өскемен өтіп бара жатқандар қаланың сыртындағы айналма жолмен жіберіледі.  Оның өз жолынан ауытқымауы арнайы аппарат және полицияның  құралы арқылы қадағаланады.

Бұл жерден 22-31 наурыз аралығында 34837 көлік пен 82984 адам өткен. Амандық Ғаббасұлы көліктердің дезинфекциялануы, санитарлық тексерудің жіті қадағалануы жайлы бірнеше тапсырма берді. Санитарлардың ыстық аспен қамтамасыз етілуі де назарға алынды.

Екінші, яғни, Текелі қаласы мен Қарабұлақ ауылы (Ескелді ауданы) жақтан қойылған бекетте кептеліс орын алыпты. Амандық Ғаббасұлы жауапты адамдарға қарбалас сәтте тексеріс жүргізетіндердің санын көбейтуді тапсырды.

Облыстық бас санитардың қауіпсіздік шарасын күшейтуге орай Қаулы қабылдағаны белгілі. Соған орай, санитарлық бекеттердің саны 57-ге жеткізілген. Бас санитар Қайрат Баймұхамбетовтің айтуынша, соңғы бір жарым тәулікте облысқа 13 мың көлік, 30 мың адам кірген. Қаулыдағы талапты орындамаған жағдай бойынша 66 хаттама толтырылып, оның 21-і сотта қаралған. Сондай-ақ, 769 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, Еңбекшіқазақ ауданынан бір адам 15 тәулікке қамалған.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы