КЕЙБІР АДАМДАР "ҚҰДАЙ БЕРГЕН ЖАНЫН ҚҰДАЙ ӨЗІ АЛАДЫ" ДЕП АЛАҢСЫЗ ЖҮР

Уақыты: 24.04.2020
Оқылды: 1060
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Төрткүл дүниені дүрліктірген коронавирус індеті біздің елді де алаңдатып отыр. Дертпен күресу үшін барлық сақтық шаралары қолға алынды. Елде төтенше жағдай жарияланып, басым көпшілік қашықтан оқуға көшірілді. Сондықтан, төтенше жағдайда енгізілген ережелерді сақтап, мүмкіндігінше үйден шықпай, барлық сақтық шарасын ұстанайық.

Соның өзінде карантиндік режим нормаларын сақтамай, ережеге бағынбай тәртіп бұзушылар бар. Ол дұрыс емес. Өйткені, бұл індет енжарлықты көтермейді. Кейбір адамдар «Құдай берген жанын өзі алады» деп еш алаңсыз жүр. Осындайда «Сақтансаң сақтаймын» дегенді де естен шығаруға болмайды. Себебі, бір адамның артында оның бала-шағасы, туған-туыстары тұрады. Ал оның айналасында тұтас бір ауыл бар емес пе?

Облысымызда да карантиндік жағдай енгізіліп, сақтық шаралары күшейтілді. Осы орайда белгіленген шектеулерді ұстанып, тазалық шараларына барынша көңіл бөлген дұрыс.

Тәжірибелі дәрігер ретінде әріптестерімнің айтқанын қайталаудан жалықпаймын. Індет ауамен таралатындықтан бір мезетте бірнеше адам жұқтыруы мүмкін. Сондықтан, үйлеріңізге қонақ шақыруға немесе қонаққа баруға болмайды. Балаларды көшеге өз бетінше жібермеңіздер. Сондай-ақ, амандасқанда қол ұсынбай ишара жасауға дағдыланған абзал. Дүкенге немесе жұмысқа барғанда бетпердені міндетті түрде тағу қажет. Осындай шектеулерге түсіністікпен қарасаңыздар, өзіңізден бөлек отбасыңыз бен туған-туыстарыңыздың да қауіпсіздігін сақтайсыз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» тақырыбындағы мақаласында айтылғандай, тосыннан келген сынақпен бірге күресейік. «Тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын» ұмытпайық. Ауырмаңыздар! Біз – біргеміз.

Доғдыргүл МОЛДАҚАЛЫҚОВА,

Алматы облыстық мәслихат депутаты