"БАСЫМЫЗДЫ ИЕМІЗ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰТТЫҚТАУ ЖОЛДАДЫ

Уақыты: 08.05.2020
Оқылды: 1243
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құрметті Алматы облысының тұрғындары, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Осыдан 75 жыл бұрын Ұлы Отан соғысындағы қару үні тыншыды, бірақ сол сұрапыл жылдардың естеліктері жадымыздан өшкен жоқ, қайта жыл өткен сайын ұрпақтан ұрпаққа, жүректен жүрекке жетіп, жаңғыра түсуде. «Тау алыстаған сайын биіктейді» деген осы болар!

Жыл сайын мамыр айында біз майдан даласында жанқиярлықпен шайқасқан, тылда жанкешті еңбек еткен әр азаматқа ерекше құрмет көрсетіп, соғыстан қайтпай қалған майдангерлерлерді еске аламыз. Біз аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың қайсарлығын, қажыр-күшін, биік рухын бағалай отырып, бізге ашық аспан, бейбіт күн сыйлаған ерліктерін мәңгі есте сақтаймыз.

Жеңіс пен бейбітшілікке лайықты ұрпақ бола білу, қол жеткен жетістіктердің бағасын біліп, оны еселей түсу - біздің басты міндетіміз.

Құрметті ардагерлер! Осы мерейлі мерекеде барлық ізгі тілектер өздеріңізге арналады. Сіздер әперген Жеңіс кешегі күннің ғана емес, болашақтың да жеңісі, ол соғыстан кейінгі жылдардың қиындығын еңсеруге мүмкіндік беріп, бүгінгі күні де қоғам өміріне белсене араласуға, жастарды Жеңіс рухында тәрбиелеуге күш беріп келеді.

Сіздердің өмірлік бай тәжірибелеріңіз үшін, бізге жол нұсқағандарыңыз үшін, үнемі қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет айтамыз. Денсаулықтарыңыз мықты, жастарыңыз ұзақ болып, жақын жандарыңыздың құрметі мен сүйіспеншілігіне бөлене беріңіздер!

Ұрыс даласынан оралмаған жауынгерлердің даңқы мәңгі өшпейді! Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, сол зұлмат жылдардың ауыртпалығын көтерген барша жандарға құрмет көрсету – парызымыз.

Бейбіт өміріміз үшін, бұлтсыз аспанымыз үшін сіздердің алдарыңызда тағзым етіп, басымызды иеміз!

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құтты болсын! Елімізде шаттық пен береке, ынтымақ пен тыныштық бола берсін, құрметті жетісулықтар!

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі