БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ: "ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ МЕРЗІМІ ӨЗГЕРМЕЙДІ"

Уақыты: 15.05.2020
Оқылды: 853
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына орай оқушылар мен студенттер қашықтан білім алып жатқаны белгілі. Осы орайда биылғы түлектерді: «Мектеппен қоштасу шарасы өте ме?» – деген сауалдың алаңдатқаны рас. Білгеніміздей, 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі 3-4 маусымда өтетін болды.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова өзінің Facebook парақшасында жариялап: «Жыл сайын бұл іс-шара маусым айының ортасында өткізілетін. Бірақ мектеп бітірушілері үшін қорытынды аттестаттау емтихандары өткізілмейтінін және ҰБТ-ға дайындалу қажеттілігін ескере отырып, бұл іс-шараны маусым айының басында өткізу туралы шешім қабылдадық. Іс-шара аясында салтанатты түрде аттестаттар тапсырылып, 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау соғылады», – деген мәлімдеме жасады. Бұл жайлы Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов та мәлімдеме жасап, мектептерде аттестат табыстау мен соңғы қоңырау шарасы ашық аспан астында өтетінін, онда адам саны шектеліп, санитарлық нормалар да қатаң сақталуы тиіс екенін атап өткен болатын.

Биыл облыста 15 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 11 мыңнан астам түлек «онлайн» өтінім берген. Ұлттық бірыңғай тестілеудің мерзіміне өзгерістер енгізілген жоқ, 20 маусым мен 5 шілде аралығында дәстүрлі түрде өткізіледі деп жоспарлануда. Ал, мектеп оқушылары мен колледж, жоғары оқу орнының студенттері үшін оқу жылының соңына дейін қашықтан оқыту режимі сақталады.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан