Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТӨЛЕМ ТЕРМИНАЛЫН ҰРЛАҒАН ЕР АДАМ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 22.05.2020
Оқылды: 189

Алматы облысының полиция қызметкерлері төлем терминалы мен ішіндегі ақшаны ұрлаған азаматты ұстады.

Талдықорғандағы Шығыс қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне ойын-сауық орталықтарының бірінде орналасқан төлем терминалының ұрланғандығы туралы хабар келіп түскен. Аталған дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 1-бөлігіне сәйкес іс қозғалды.

- Ізі суымай Сарқан ауданының 31 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Күдіктіден ұрланған терминал және сол аппараттан алынған жалпы соммадан қалған екі жүз мың теңгеден астам ақша тәркіленді. Күдікті ұрлық жасағанын толық мойындады. Терминалды жалғыз далаға шығарып алған ол оны өзі тоқтатқан таксиге тиеп, жалдамалы пәтерге апарған. Такси жүргізушісіне терминалдың оның меншігі екенін және оны басқа жерге апаратынын түсіндіріп жеткізген. Жалдамалы пәтерде қолда бар құралдардың көмегімен терминалдың ақша салынған бөлігін сындырып, ақша соммасының көп бөлігін өз қажеттіне жұмсаған, ал қалған бөлігі тәркіленді, - деп хабарлайды Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы Асқар Нұрсапа.

Ұсталған азаматтың бұрын 2012 жылы қарақшылық жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Енді ол бүлінген терминалдың және одан ұрланған ақшаның құнынан қалыптасқан залалды өтеуі қажет.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"