"СЕНБЕЙДІ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ КОРОНАВИРУСТЫ АНЫҚТАЙТЫН ЗЕРТХАНАҒА СЫН АЙТТЫ

Уақыты: 29.05.2020
Оқылды: 770
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алдымен Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның селекторлық отырысына қатысты. Мемлекеттік хатшы Қырымбек КӨШЕРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен жиын Алматы облысы әкімдігінде онлайн режимде көрсетілді. Селекторлық басқосу соңынан облыс әкімі қауіпті індетті анықтайтын зертхана жұмысына тоқталып, сала басшыларына бірнеше тапсырма берді.

Нұр-Сұлтан қаласында болған селекторлық жиында «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру барысы және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қорытындылары бойынша енгізілген ұсынымдарды уәкілетті мемлекеттік органдардың орындау нәтижелері туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, білім беру және тәрбиелеу мәселелері» талқыланды.

Шарада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Білім және ғылым, Қаржы, Денсаулық сақтау, Әділет, Мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдері, министрлер сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларын айтты.

Селекторда Қырымбек Көшербаев сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізуді басты назарға алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде тапсырма берді.

Жиын соңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов әр сала басшыларына сыбайлас жемқорлықты жою үшін жұмыла жұмыс істеу керектігін айтып, әр мекеме басшысына арнайы тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, жемқорлықтың алдын алу мақсатында бейнематериал түсіру керектігін айтты. Облыс әкімі селектор соңынан бүкіл әлемді дүр сілкіндірген короновирусқа да тоқталды.

- Өңірімізде тәж вирусын анықтайтын зертхана ашылды. Бірақ халық сынама тапсырғысы келмейді. Өйткені, сынаманың дұрыс көрсететініне ешкім сенбейді. Зертхана орталығынан көп қателік кетіп жатыр. Орталықты ретке келтіріңдер. Адам тағдыры ойыншық емес. Қазір көктем айы. Кейбір адамдарда аллергия болуы мүмкін. Пысқырған-түшкіргендерді короновирус дей берсек, кім сенеді? Сондықтан, зертханалық орталық сапалы жұмыс жасауы үшін бар жағдайды жасаңыздар, - деді облыс әкімі сөз соңында.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан