ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ТҰТАСТАЙ ЖАНЫП КЕТТІ

Уақыты: 07.08.2020
Оқылды: 2064
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Жаман айтпай, жақсы жоқ", қызыл жалын бір ғимараттың шаңырағын ортасына түсірді. Қаратал ауданы, Көпбірлік ауылындағы ауылдық Мәдениет үйі толықтай жанып кетті. Сонау Кеңес заманынан бері ауыл тұрғындарына қызмет етіп келе жатқан мәдениет ошағы әп-сәтте күл болып қалды. Оның ішінде алты мыңнан аса кітап қоры бар кітапхана да отқа оранды.

Ауыл тұрғындары қанша әрекет еткенімен, Мәдениет үйін аман алып қала алмады. Кітаптың азғантай бөлігін алып шыққанымен қалған бөлігі жанып кетті. Иә, өрт тұрмақ ауызсуға әзер жарып отырған Көпбірлік ауылы қызыл жалынның апшысын баса алмады.

Оның үстіне ауылда өрт сөндіргіш техника жоқ. Аудан орталығынан баруы өте қиын. Өйткені, ауыл мен аудан орталығының арасы екі жүз шақырым. Егер бұрынғы жолмен аудан орталығынан шыққан өрт сөндіргіш машина төрт сағаттай жүрсе, қазір кемінде алты сағаттай жүреді.

Енді ойлаңыз, алты сағатта тілсіз жау қанша жерді шарпиды? Бұл - үлкен проблема. Көктем айында аудан әкімінің есебінде дәл осы сұрақ көтерілген еді. Облыс басшысы тұрғындарды жеке қабылдау кезінде Көпбірлік ауылының тұрғыны Қанат Дәлібаев арнайы келіп, жердің шалғайлығын айтып, ауылға бір өрт сөндіргіш машина бөліп беруін өтінген болатын. Сол уақытта аймақ басшысы төтенше жағдай департаментінің басшылығына тапсырма беріп, талап-тілектің орындалуын тапсырған болатын.

Міне, содан бері арнайы техника жоқ, соңында ауылдық Мәдениет үйін өрттен құтқарып қала алмады. Аталған Мәдениет үйі сонау жетпісінші жылдары бой көтерсе керек. Одан бері талай жыл өтті. Сыры кетсе де, сыны кетпеген мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының мерекелік шарасын өткізетін үлкен қара шаңырақ еді.

Бұл ғимаратта Қазақстанның атақты өнер адамдарының ізі қалған. Әнші Дәнеш Рақышев ән шырқап, Бикен апамыздың атындағы театр талай қойылым қойды, атақты сықақшы Марат Сақатовтар да өнер көрсеткен-ді. Енді, міне, талай сағынышты кезеңдердің куәсі болған ғимарат күлге айналып, тек естелік болып қала бермек. Өрттің неден шыққаны белгісіз. Ауыл тұрғындарының болжамына сүйенсек, электр тогының тұйықталуынан дейді. Анығын мамандар айта жатар. Десе де, бір ауылға бір Мәдениет үйі мен өрт сөндіру техникасы керек-ақ!

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ,

Қаратал ауданы

Алматы облысы