АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІН АУЫСТЫРДЫ

Уақыты: 21.09.2020
Оқылды: 1575
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелі қаласына Алматы облысы әкімінің өкімімен, жергілікті мәслихат депутаттарының келісімімен Батыр Молдахметов әкім болып тағайындалды. Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ осыған дейін аталмыш лауазымда қызмет еткен Бақтияр Өнербаевқа алғыс айтып, моноқаланың жаңа басшысын таныстырды.

Текелі қалалық әкімдігінде өткен жиынды Текелі қалалық мәслихат хатшысы Николай Калиновский ашып, күн тәртібінде көтерілетін мәселемен таныстырды. Сөз алған аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы:

- Текелі монақала ретінде қарқынды дамып келеді. Бақтияр Әлтайұлы жаман жұмыс істеген жоқ. Көп бағытта оң көрсеткіштерге қол жеткізді, сол үшін де рахмет. Осы қызметке өзім тағайындадым, алайда бәрімізді ұятқа қалдырған бір жағдай орын алды. Мұндай істе әрқашан қатал болу керектігін айтқанмын. Текеліде болған жағдай, өзенге секіру деген сұмдық қой, - деген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов парамен ұсталып, өзенге секіріп қашқан шенеуніктің ерсі қылығын еске түсірді. Бақтияр Өнербаевтың отставкаға кету туралы арыз жазуына да дәл осы жағдай, яғни, Текелі қаласы әкімдігі аппарат басшысының парамен ұсталуы себеп болған.

Алматы облысының әкімі жастардың билік тізгініне келіп жатқанын сөз ете отырып: "Барлықтарыңызға белгілі, менің орынбасарым болып Рустам Әли тағайындалды. Қазіргі кезде жаңаша көзқарастағы, заманауи жастар қажет. Сондықтан, Батыр Қайыркенұлы да абыройлы жұмыс істейтініне сенімдімін", - деді.

Отставкаға кеткен Бақтияр Өнербаев 4 жыл бойы қоян-қолтық қызмет еткен текеліліктерге ризашылығын жеткізді.

- Мен заң үстемдігін құрмет тұтатын азамат ретінде өз еркіммен отставкаға сұранып, өтініш жаздым. Және бүгін облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы отставкамды қабылдады. 2016 жылдың қараша айынан бастап өздеріңіздің қолдауларыңызбен осы уақытқа дейін азды-көпті қызмет атқардым. Жер жанннаты - Жетісудың жауһары болған Текелі қаласында әкім болып қызмет еткенімді үлкен мәртебе санаймын. Сіздермен бірге Текелінің өсіп-өркендеуіне, дамуына қолдан келгенше үлес қостық. Бұл өлке менің үйренген жерім. Осындағы қызметім менің өмірімдегі ең жарқын сәттердің бірі деп есептеймін. Құрметті Амандық Ғаббасұлы, енді қандай қызметке шақырсаңыз да, адал атқаруға дайынмын, - деді.

Жиын барысында сөз алған Батыр Молдахметов артқан сенімді ақтап, Текелі қаласының өрлеп, өсуіне бар ынта-жігерін салатынын айтты.

Текелінің жаңа әкімі - ​Батыр Қайыркенұлы Молдахметов 1978 жылы Алматы қаласында туған. 1999 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Инженер-педагог» мамандығы бойынша бітірген, 2003 жылы Д.Қонаев атындағы университетін «Заңтану» мамандығы бойынша, 2007 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті «құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған.

​2000-2001 жылдары Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызмет өткерген.

Еңбек жолын 1999 жылы Талдықорған қаласының политехникалық колледжінде өндірістік оқыту шебері болып бастаған. Алматы облысы әкімі орынбасарының кеңесшісі, Алматы облысы әкімі аппаратының бас маманы-облыс әкімі бірінші орынбасарының көмекшісі, Алматы облысы әкімі бірінші орынбасарының көмекшісі, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары, Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет еткен.

​2018 жылдың қаңтар айынан осы күнге дейін Текелі қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Текелі қаласы

Алматы облысы