ЖАМБЫЛ АУДАНЫ: МОТОЦИКЛ МІНГЕН ҮШ ЖІГІТ ТАУ ҚОЙНАУЫНДА АДАСЫП КЕТТІ

Уақыты: 18.10.2020
Оқылды: 1188
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылынан 15 шақырым қашықтықтағы тау қойнауында үш ер адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Олар мотоциклмен таудан қайтып бара жатқан беттерінде бір-бірінен көз жазып қалып, адасып кеткен.

Үш мотоциклист, 1985, 1982 және 1998 жылы туған ер адамдарды іздестіруге төтенше жағдай қызметкерлері, полиция өкілдері, құтқарушылар мен кинологтар жұмылдырылды. Арнайы техникалар да қолданылды. Кешкі сағат 19:00-де жоғалған жігіттерді іздеу әрекеті таңғы 5:10-да аяқталды. Анықталғанындай, үш жігіт таудан түскеннен кейін бір-бірін жоғалтып алған. Біраздан кейін бір-бірін қайтадан тауып, балықшыларды кезіктірген. Сөйтіп, олар ең соңында құтқарушыларды күткен. Үшеуі де медициналық көмекке жүгінген жоқ. Дін аман.

Осындай оқиғалар болмас үшін төтенше жағдай өкілдері тауға шығар кезде мынадай ережелерді қатаң ұстануға шақырады:

- туған-туыс пен жақындарыңызға тауға шығатыныңызды ескертіңіз және қай жерге баратыныңызды нақты айтып кетіңіз;

- сөмкеңізде жылы киімнің бар екеніне көз жеткізіңіз, дәрі-дәрмек қоры мен GPS-мекенжайды көрсететін техқұралыңыз болсын;

- қандай жағдайда да таулы аймақта жалғыз жүрмеңіз;

- ұялы телефон мен байланыс желілерін назарда ұстаңыз;

- ауа райын алдын ала біліп алыңыз.

- адасып кеткен жағдайда үрейге салынбаңыз, ашық жерге шығып, ұялы телефоннан 112 немесе 102 нөмірін теріңіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"