ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА БЫЛТЫР 190 МЫҢ ТОННА ТӘТТІ ТҮБІР ЖИНАЛҒАН

Уақыты: 02.02.2021
Оқылды: 1376
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ескелді ауданының әкімі Рауан РАҚЫМБЕКОВ өңір тұрғындарымен ZOOM және Facebook әлеуметтік желісі арқылы жүздесіп, өткен жылды қорытындылап, көріп отырғандардың сауалына жауап берді. Онлайн жиында ескелділіктер 190 мың тонна қант қызылшасын жинағаны белгілі болды. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік ТҰРДАЛИЕВ қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген бағыттар бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі жайында сөз бастаған Рауан Тұрданғазыұлы  салық түсімінің, жергілікті бюджеттің өскендігін айта келіп, жоспардың толығымен орындалғанын жеткізді.

Өткен жыл ауылшаруашылығы үшін де табысты болды. Жалпы өнім көлемі – 37 млрд.теңгені құрады. Мал шаруашылығы болсын, өсімдік шаруашылығы болсын, жоспарды толығымен орындадық. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жиналған картоп, көкөніс, бақша дақылдары, майбұршақ болжамы жүз пайызға орындалды. Қант қызылшасын көптеп өсірген алты ауданның ішінде біздің өңірдің де үлесі бар. Былтыр 3415 гектардан 190 мың тонна тәтті түбір жиналды. Орташа өнімділік 556 ц/га құрады.

Мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында аудан бойынша егін шаруашылығындағы қант қызылшасының тұқымына, зауытқа өткізген өніміне субсидия алуға құжаттар қабылданып, 955,8 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Мал шаруашылығында барлығы 12191 тонна мал және құс еті өндірілді. Бұл 2019 жылдың нәтижесінен әлдеқайда жоғары. Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша да игілікті істер жүргізілуде.

Өткен жылы өңірімізге инвестиция тарту жұмыстары ойдағыдай болды. Мәселен, «АСПМК-519» ЖШС-нің Чажа өзеніндегі ГЭС-2 құрылысы (қуаттылығы 25,8 МВт, 18 жаңа жұмыс орны), «ТекТау» ЖШС бал құю және орауды ұйымдастыру және салу,  «Лито Микс» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехының құрылысы, «Салем-Құс» ЖШС-нің «Бөдене жұмыртқасын өндіретін құс фермасының құрылысы» жобасы, ЖК «Апорт» құрылыс және қызмет көрсету бойынша қысқы, жазғы демалыс аймағы, аквапарк және бассейндер, кафе, жазғы алаңдар қызметі мен «Дүйсенбинов» шаруа қожалығындағы бордақылау алаңының құрылысы толықтай инвесторлар есебінен жүргізілді, – деді өз есебінде Рауан Тұрданғазыұлы.

Жүздесу барысында аудан әкімі 33 елді мекеннің 32-сі орталықтандырған сумен қамтамасыз етілгенін, сондай-ақ, Қоңыр ауылында сумен жабдықтаудың жаңа жүйелері пайдалануға берілгенін, Бақтыбай ауылындағы Алматы – Өскемен жолының бойында абаттандыру жұмыстары жүргізілгенін мақтанышпен айтты. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қарабұлақтағы орталық аудандық аурухана мен М.Байысов ауылындағы Рүстембеков атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудан орталығындағы Алдабергенов көшесі мен М.Байысов ауылындағы К.Байсейітова көшесіне де реттеу, қалпына келтіру істері атқарылған. Сондай-ақ, Қарабұлақ ауылындағы жылу желілерінің құрылысы да сәтімен аяқталып, пайдалануға берілген.

Аудандағы негізгі мәселенің бірі – газ тарту жұмысы. Осы тұрғыда аудан әкімі: «Қарабұлақ ауылында газ тарту желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмыс 2021 жылдың 6 маусымында аяқталады. Жалпы газ құбырының ұзындығы 160 км. ал бүгінде 84 км. аяқталды.

Абонент үшін қосылу құны 1 метрге 2100 теңге, газ қазандықтарының бағасы 165 мың теңге. Қазіргі уақытта абоненттерден 460 өтінім беріліп, 315 абонент газ тарту желісіне қосылды. Сондай-ақ, Бақтыбай, Алдабергенов, Көкжазық, Теректі, М.Байысов, Өрқұсақ, Қаратал, Екпінді ауылдарына да тарту бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамадан өтуде.

Баяндаманың келесі бөлігінде коронавирус індетінің болуы мүмкін екінші толқынына дайындық жұмыстары сөз болды. «Дәрі-дәрмектер мен антибиотиктердің үш айлық қоры дайындалған. Ауруханада тәулік бойы қызмет көрсететін оттегі стансысы жұмыс істейді (Барлығы 52 оттегі нүктесі қосылған). Аудандық ауруханада 10 өкпені жасанды желдету аппараты, 39 оттегі концентраторы, 1 рентген және 1 жылжымалы рентген аппараты, 145 пульсоксиметр мен 17 «Бобров» аппараты қолданысқа дайын тұр, – деді аудан әкімі.  

Ал білім саласындағы жетістіктер мен нәтижелер жөнін сөз еткен аудан әкімі: «Ауданымызда күндізгі жалпы білім беретін 30 мектеп жұмыс істейді. Оның 19-ы орта, 6-уы негізгі, 5-еуі бастауыш. Мектепке дейінгі мекемелер бойынша 12 балабақша және 20 мектепке дейінгі шағын орталық бар. Қарабұлақ ауылындағы «Березка» балабақшасының ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Енді іске кірісеміз», – деді.

Есеп соңында өңір басшысы ауданда былтыр 364 қылмыс тіркеліп, бұрынғы нәтижемен салыстырғанда төмендегенін айтты. Алдағы уақытта аудан бойынша көптеген істің жоспарда тұрғанын, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша бірқатар істер атқарылатынын айтты. Баяндама соңы сұрақ-жауапқа ұласты.

Фейсбуктен тікелей қатысып отырған 130 тұрғын мен арнайы тіркеліп кірген ZOOM желісіндегілердің әр сұрағына аудан әкімі тиянақты, нақты жауап берді. Мәселен, Омар Батырбаевтың «Алдабергенов ауылына қашан газ келеді?» деген сауалына құжаттардың әзірленіп жатқанын, бәрі жоспар бойынша жүзеге асса 2022-2023 жылдары жүргізілетіндігін айтты. Сондай-ақ, Эльвира Жұмабектің қойған «Қаратал ауылындағы Ыдырысов көшесіне жарық орнатыла ма?» деген сұрағына қаражат бөлінгенін, биыл жарықтың тартылатынын жеткізді. Әкім аудандағы әр тұрғынның сұрағына жауап беретіндігін, әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға жазса болатындығын да ескертті.

Онлайн жүздесуде сөз сөйлеген аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, Ескелді ауданының Құрметті азаматы Қалабек Тастанбаев, сондай-ақ, білікті маман Әсел Өмірбекова аудан әкімінің бір жылдағы істеген жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, биылғы жылда өнімді жұмыс істеуіне сәттілік тіледі. Онлайн отырысты түйіндеген облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев те Рауан Рақымбековтың жұмысы қанағаттанарлық екенін жеткізді.

Тұп-тура бір жарым сағатқа созылған әкім есебі тұрғындарды жеке мәселесі бойынша онлайн қабылдаумен аяқталды.

Серік ҚАНТАЙ

Ескелді ауданы

Алматы облысы