ҰСЫНЫС: ЕЛІМІЗДЕ ҚҰРЫЛЫС БАТАЛЬОНДАРЫ ҚАЙТА ҚҰРЫЛСА ДЕЙМІН

Уақыты: 01.02.2021
Оқылды: 833
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сенбі күні таңертең автокөлігіммен Алматы қаласының С.Сейфуллин және Т. Рысқұлов даңғылдарына қарай бағыт алдым. Ондағы ойым – бұрын қазылған сужинағыш «септигім» жылдам тола берген соң жанынан тереңдетіп қаздырып, бетондатуға жалға жұмысшылар керек еді.

Құлжа автотрассасынан Рысқұлов даңғылына бұрылған кезімде бір жас жігіт қол көтеріп, тоқтауымды өтінді. Оң жаққа қарай бұрылу белгісін беріп тоқтай қалдым. Бойшандау келген сымбатты жігіт: «Осы көшемен тура жұмысшылар тұратын жерге дейін», – деген соң отырғызып алдым.

Әңгімелесіп отырып Рысқұлов даңғылындағы жұмысшылар жиналатын орынға да жылдам жетіп қалыппыз, машинам тоқтар-тоқтамастан он шақты жігіт қоршап алды. Жолсерігім кірпіш қалау керек, үйдің ауданы 11/12 деп еді. «Кірпіш өрушілер дефицит қой, бағана сағат алты болмай жұмысқа алып кеткен. Біздің арамызда тас қалаушылар қалмады», – деп машинадан алыстай бастады. Енді мен өз шаруамды айтып едім, көзі бадырайған сары жігіт: «Аға, болар жері 100 мың теңге, одан төменге ешкім бармайды», – деді. Менің өтінішіме құлақ қоймай, кесімді ақыдан төмендей алмайтынын үзілді-кесілді айтты. Әйтеуір не керек, жолсерігім екеуміз Рысқұлов, Сейфуллин даңғылдарын түгел аралап, «Алтын ордаға» дейін барып, шаруамызды бітіре алмай, үйді-үйімізге тарқастық.

Қазақтардың арасында өте жақсы құрылысшылар жеткілікті, олардың басым көпшілігі Нұр-Сұлтанда, Атырауда және де Қазақстанның түпкір-түпкірінде үлкен құрылыс фирмаларында жұмыс жасауда. Бұл үлкен фирмалар жұмысқа алар кезінде, біріншіден, кәсіби біліктілігіне қарайды (олар арнайы құрылыс мамандығы барлар, кезінде «стройбатта» қызмет еткендер), екіншіден, географиясына қарайды, өзбек ағайындар жергілікті ұлт өкілдеріне қарағанда біршама арзандау бағаға істей береді.

Осы мәселеге орай кеңестік кезеңдегі құрылыс батальондары («стройбат») туралы деректермен тереңдеу танысып, оның пайдалы жақтарын көпшілікке жеткізуді мақсат еттім. «Стройбат» жайлы халық арасында көптеген әзіл-қалжыңдар, анекдоттар жеткілікті. Оның басты себептерінің бірі – бұл бөлімшеде әскери машыққа онша мән берілмейтін, екі жыл әскер қатарында болғандар автоматтан бір оқ атпай, әскери билет алып қайтатын. Сонымен қатар, басқа әскери құрылымдарға қарағанда қадірсіздеу болуы құрамды қалыптастыру ерекшеліктеріне байланысты. Батальонның 90 пайыз құрамын орта білім алмаған, арнаулы мамандығы жоқ Орта Азия және Кавказ жастары құрады.

Мұнда жіберілетін славяндардың көпшілігі қолайсыз және сотталғандардың қатарынан-ды. Кейбір жағдайларда ауылдық жерден, орта білімі жоқ, орысша білмейтін әскерлерге ант қабылдауда сержанттар көмектесіп, әр сөйлемді оқып, оны болашақ жауынгерлер қайталап, ант беру рәсімдерін жасайтын. Сонымен бірге, «стройбат» қатарындағы жауынгерлердің басқа әскерилерден ерекше артықшылықтары болды. 1977 жылғы 30 мамырдағы Қорғаныс министрлігінің №175-ші бұйрығына сәйкес, әскери құрылысшыға еңбек жалақысы төленетін. Айлықтарынан тамағына, киімдеріне, мәдени іс-шараларға ұсталып отырады. Қысқасы, толық шаруашылық есебіндегі құрылым еді.

Нағашы ағам Молдахан айтып отыратын. Олар Владивосток қаласында көпқабатты үйлер тұрғызыпты. Ауылда тракторшы болып жұмыс істегендіктен ол әскерде экскаваторды тізгіндеп, жағдайы жақсы болыпты. Қара жұмыс істегендерге қарағанда офицерлер оны маман егесі ретінде сыйлаған көрінеді. Екі жыл әскерде қызмет етіп ауылға оралғанда сақтық кітапшасына 4 мың 800 сом қаржы түсіпті. Ағамыз бұл ақшаға біраз мал алыпты, үйлену тойының шығынын да өтепті.

Подмосковьедегі Калуга қаласында №6598 әскери бөлімде борышын өтеген замандасымыз Әлидің айтуы бойынша, бөлімдегі 10 ротаның әрбірінде 120 жауынгер болса, бірінші ротаға тас қалаушылар, келесілеріне бетоншы, ағаш шебері, электр мамандары, темір дәнекерлеушілер, сылақшы-сыршылар, экскаватор, трактор, машина жүргізушілер бойынша бөлініп, құрылыс жұмыстары жүйелі жүргізілсе керек. Ауылға келген соң бір айдан кейін сақтық кітапшасына түскен 4 500 сомды Әли де игілігіне пайдаланыпты.

Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Құрылыс батальонында болған бұрынғы жауынгерлердің қай-қайсысы да еңбекке бейімделді. Арнаулы бір мамандықты еншіледі. Сондықтан, тәуелсіз мемлекетімізде құрылыс батальондарын қайтадан құратын болсақ, ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Біріншіден, әскер қатарына бара алмай жүрген жастарымыздың саны азаяды.

Екіншіден, кәмелет жасына толған жастарымыз жаппай әскер қатарында болып қайтса, олар шыңдалып, зиянды әдеттерден аулақ жүреді. Кәсіби маман егесі болып, Отанын қорғауға дайын тұрар еді.

Үшіншіден, ел экономикасының дамуы біршама артатыны айқын. Білікті құрылыс отрядтары жасақталып, құрылыс бүгінгіден әлдеқайда сапалы болары сөзсіз. Осыны ескерген ресейліктер әскери құрылыс бөлімдерінің санын қысқартқанымен негізін сақтап қалған.

Құрылысшы батальонына бастапқыда мемлекет тарапынан алғашқы көмек көрсетілсе, бірер жылдан соң өзін-өзі қаржыландырып, аяғынан нық тұрып кетуіне сеніміміз кәміл. Ол үшін білікті құрылысшылармен бірге инженер-механиктер бұл салаға тартылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Дархан ОМАРОВ

Алматы қаласы

Сурет - ғаламтордан