ДЕПУТАТ: "ӘЛЕМДЕ ЖЕРДІҢ ҚАСИЕТІН ҚАЗАҚТАЙ БІЛЕТІН ҰЛТ КЕМДЕ-КЕМ"

Уақыты: 13.03.2021
Оқылды: 1077
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Шапқан тұлпардың тұяғы мұқалып, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жеріміз өте қастерлі. Игілігін иен даладан тапқан иісі қазақтың басты байлығы да осы жері. Шетсіз, шексіз сары далада салтанат құрған сонау сақтар заманынан бастау алып, Алтын Ордамен жалғасын тауып, Қазақ хандығымен тұғыры тіктелген шекарамыздың сызығын тәуелсіздікпен бірге бекіттік. Өзгелер қызыға да, қызғана да қарар алпауыт жерде емін-еркін көсіліп жүргеніміз, Ұлы даланы құтты мекен етіп отырғанымыз шексіз бақыт болса керек. Жер – бабалардың қанымен, жанымен бұйырған ең басты байлығымыз.

Егемендікті еншілеген мезеттен бері жиі көтерілетін тақырыптың бірі – жер. Әсіресе, шетел азаматтарына жалға беру немесе сатылымға қою тақырыбы таразы басынан түскен емес. Ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты тағылымды туындысында жер мәселесін мінберге көтерді. Ал күні кеше жерді шетелдіктерге сату мен жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағаны туралы жазды. Бұл дүйім қазақстандықтар үшін өте келелі шешім, кесімді қадам деп білеміз.

Осы ретте жылдар бойы дарқан дала төсінде тірлік тегершігін дөңгелетіп, кәсібінен нәсібін тауып отырған «Асқартау» шаруа қожалығының төрайымы, Алматы облыстық мәслихат депутаты Баршагүл САЯТОВАМЕН жүргізген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

- Саламатсыз ба, Баршагүл Ахатқызы. Көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген жер мәселесі жайлы сіздің де айтарыңыз бар шығар?

- Жер - халықтың меншігі. Оны өзге мемлекеттердің азаматтарына сатылымға қою яки жалға беру деген ойға қонбас дүние. Мыңжылдықтар бойы ата-бабаларымыз талай мехнатты бастан кеше отырып, сақтап қалған ұлан-ғайыр жерімізді ұрпақтары ұлтарақтай бөліп, талан-тараж етуі барып тұрған бассыздық.

Мемлекет басшысы бұл бағытта өте келелі шешім қабылдады. Бұл бастамаға барша қазақ жұрты ыстық ықылас танытып, барынша қолдау көрсететіні анық.

Шыны керек, қазақ ұлысы ежелден кең-байтақ жерінің төсінде еркін көсіліп, көшпелі тұрмыс салтын құп көрді. Отырықшылдық үрдісі кейінірек келгенімен, төрт түлігін өрбіткен сары даланың қасиетін жіті түсінген. Сол алып даланың әр адымында аналардың көз жасы, әкелердің қаны жатыр. Сондықтан да біз үшін туған жердің уыс топырағы да қымбат.

- Өзіңіз де ауыл шаруашылығымен айналысып жүргендердің бірісіз. Ісіңізді ілгерілетуде ең басты серпін не деп ойлайсыз?

- Иә, әйел азаматы болсам да, ауыл шаруашылығын кәсіп етіп, нәсібімді айырып отырмын. Бастапқыда азын-аулақ жерге егін егіп, санаулы төлмен ісімді бастағанмын. Құдайға тәубә, бір қойы егіз туса, бір бетегесінің басы айыр шығатын Алакөлдің дарқан даласы бағымды еселей түскендей.

Ешқашан да еңбектен қашқан емеспін. Негізгі мамандығым, қызметім де дәрігерлік. Алайда көктемгі егіс науқанында еңбек демалысын алып, егін даласына кететінмін. Бұзылған техникаларды жөндеуге де, мал төлдету мен жер жырту сынды жұмыстарда да бірге жүремін. Бүгінде 250 гектар жерге бидай мен арпа егеміз. Көп жеріміз тау баурайында орналасқандықтан ылғалдықты сақтау үшін күз мезгілінен жыртып, көктемге әзірлеп қоямыз. Соның арқасында өнім көлемі де көңілге қонымды, табысымыз та жақсы. Ал барлық ісіміздің ілгерілеуіне серпін беретін ол құнарлы жеріміз.

- Мемлекет басшысының жерге қатысты жаңа мәлімдемесі, шетелдіктерге сатпау және жалға бермеу туралы бастамасы қаншалықты дұрыс деп есептейсіз?

- Бұрынғыдан бүгінгіге сыр тартар болсақ, ата-бабаларымыз жердің тіршілік үшін қадыр-қасиетін, мән-маңызын барынша ұғынып, қарыс адымын да көздің қарашығындай сақтау үшін барын салды. Ұлтымыздың бүкіл әлеуметтік, рухани өмірі халыққа, Отанға адал қызмет етіп, туған жерді қорғаумен тікелей байланысып жатыр.

Дана жұртымыз «Туған жердей жер болмас», «Туған жердің ауасы да – шипа», «Туған жерге туыңды тік», «Туған жердің жуасы да тәтті», «Әркімнің өз жері – өзіне жұмақ» деп тәпсірлеген. Әдебиетке үңіліп, әр батырлар жырын алсақ та басты сарыны туған жер мен елді қорғау болған. Демек, еліміздің басты байлығы да осы – жері. Жұртымыз кәрі құрлықтың қақ ортасында төрт түлік төлін өрбітіп, әлемде теңдесі жоқ көшпелілер мәдениетін қалыптастырды. Олардың тіршілігі тікелей жайылыммен байланысты болғандықтан көшіп-қонған жерінің қадір-қасиетін біліп, тұрмыс үрдісін де соған қарай ыңғайландырған.

Әлемде жердің қасиетін қазақтай біліп, табиғатпен тірлігін үндестірген ұлт кемде-кем. Бүгінгіге көшсек, мал шаруашылығымен қатар агрокешенді дамыту ісіне көңіл бөлініп, еліміз әлем бойынша егістік даласынағы еңбегімен алға шығып келеді. Миллион гектар жеріміздің құнарлығы, жасыл желегі ат бауырын сипар шүйгінділігі белгілі. Ал оның байлығын да, пайдасын да тікелей халық көруі қажет.

Сырттан келген азаматтар өзен-көліңнің, тау-тоғайыңның қадіріне жетіп болмайды. Орманыңды отап, жайлауыңды қопарып, жеріңді шұрық тескеннен табысты өздері ғана көріп, ақыр соңы қасиеті кеміген жердің үстінде тіземізді құшақтап өзіміз қалмасқа кім кепіл?! Бұл ретте жер заңындағы жағымды өзгерістер, шетелдіктерге сатылмауы мен жалға берілмеуі өте ұтымды шешім.

- Шетелдіктермен мәселені шешкеннен кейін кең дала төсіндегі тірлігіміз түзеле ме?

- Өзге мемлекеттің өкілдеріне жерді бермеу мәселесінен кейін де көтерілер тақырыптар көп. Соның өзектісі өз азаматтарымыздың немқұрайдылығы. Себебі, кей тұлғалар мың гектарлап жерді өз аттарына аударып, қауқары жетпегендіктен түгелдей пайдаланбай, бос жатқанын көзіміз көріп жүр. Ал кейбіреулері жұмысын үйлестіре алмағандықтан жалға беріп, жаңылыс басуда. Сондай жерлерді мемлекетке қайтарып, қолынан іс келетін азаматтарға бөліп беру тақырыбын зерделеуіміз қажет.

Өзіміздікі деп табан астына басып, қол қусыра отырудың да қажеті шамалы. Керісінше, еңбек еткісі келген елге табыстап, ең алдымен, бұқараның ортақ тілек-талабына құлақ асқан жөн.

- Естуімізше, облыстық мәслихат депутаты ретінде осы мәселені көтеріп, аудан шаруаларымен кездесулер өткізіп жүр екенсіз. Сол ісіңіз өз нәтижесін беріп жатыр ма?

- «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» демекші, ең алдымен, ауыл маңынан бастап, ары аудан, облыс көлемінде бұл тақырыпты көтере берсек, уақыт өте өз жемісін беретініне сенімдімін. Күні кеше мен де аудандағы белді шаруа қожалықтарының төрағаларымен канвассинг кездесулер ұйымдастырып, ауысымды егістік (севоборот), бос жатқан жерлерді тиімді игеру, талай егін даласын иемденіп алып, жалға беріп отырғандардың жолын кесу, сол жерлерді халыққа беру тақырыбының төңірегінде әңгіме өрбіттік. Шешу жолдарын талқыладық. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын таба бермек.

- Жердің қадірін өзіңіздей түсінер азаматтар барда жасарымыз да, асарымыз да көбейе бермек. Сұхбатыңызға көптен-көп рахмет!

Шынымен де, бабаларымыз осынау апайтөс атырапты бізге мұра қылып қалдыру үшін қылышымен сауыт сөгіп, намысын найза ұшына ілген алмағайып замандарды бастан өткерді. Өзіміз ол кезеңнің куәгері болмасақ та тарих беттерінде қанды ізі қалған талай оқиғалар жайлы мағлұмат алып, жан-жүрегің бір сілкініп қалады. Осынау ордалы даланың әр адымында бабалардың қаны, аналардың көз жасы жатқаны рас-ақ. Алайда бүгінгілердің кей әрекеттеріне қарап осы жерге тегін келген дәулеттей немқұрайлы қарайтынын аңғарамыз. Таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, ең құнды байлығымызға атүсті назар бөлу болашағымызға балта шабумен тең екендігін білгеніміз жөн.

Жер сатылымға қойылар яки өзгелерге қолдануға берер зат емес. Бұл мыңжылдықтар төрінен тарихының бастауы алған еліміздің панасы, кіндік қаны тамған қасиетті мекені, топырағын мәңгілікке жамылар құтты өңірі. Сондықтан да жердің иесі өзіміз екендігімізді ұмытпай, әр азамат ортақ Отанымыздың қорғаны болуы керек.

Сұхбаттасқан - Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы,

Алматы облысы