ФИТОСАНИТАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ОРНЫҚТЫ

Уақыты: 01.07.2021
Оқылды: 1424
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыста ауылшаруашылығы дақылдарына зиян тигізетін 144 түрлі зиянкес, 85 түрлі өсімдік аурулары мен 46 түрлі арамшөп бар. Осындай зиянкестер егістіктерге зиянын тигізеді. Олармен күрес дұрыс жүргізілмесе, өнім сапасы мен түсімі айтарлықтай төмендейді.

Облыста өсімдіктерді қорғауда зиянкестерді, өсімдік ауруларын және олардың экономикалық зиян тигізу шегін (ЭЗТШ) «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығының» облыстық филиалы мамандары айқындайды. Филиал  жылда 4 млн. гектардан астам ауылшаруашылығы жерлерін тексереді. 
Облыстық аумақтық инспекциясы тарапынан ауқымды іс-шаралар жүргізіліп, аймақта қолайлы фитосанитарлық жағдай қалыптасқаны белгілі. Ағымдағы жылы да аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы зерттеу-мониторингтік жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. 
Аса қауіпті зиянкестердің ішінде ауылшаруашылығына ең қауіптісі – үйірлі шегіртке тектес зиянкестер (азиялық шегіртке және итальяндық прус). Жалпы алғанда шегірткенің жаппай таралып, ауылшаруашылығы жерлеріне айтарлықтай зиян келтіруі көптеген факторға байланысты. 
Биыл шегіртке тектес дернәсілдерінің ауа райына байланысты былтырғыдай мерзімде шыққаны байқалды. Алдағы уақытта жаппай таралу қаупі бар. Сондықтан, қаншалықты қиын жағдай қалыптасса да ауылшаруашылығы жерлерін шегіртке тектес зиянкестерден қорғап қалуға барлық жағдай жасауға міндеттіміз.
2021 жылы шегіртке тектес аса қауіпті зиянкестерге қарсы республикалық бюджет есебінен 105,4 мың гектар жерге (оның ішінде итальяндық прусқа – 64,1 және азиялық шегірткеге – 41,3 мың гектар)  химиялық өңдеу жұмысы жүргізілетіні жоспарланған. Бүгінгі күнге, облыстың барлық аудандарында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізілуде. Облыстық бюджеттен 153,7 млн. теңге қаржы бөлініп, үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы 42,5 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмысын жүргізу жоспарланды.
Облыс әкімінің (2021.05.02. №15-ө н/қ)  2021 жылғы «Шегіртке тектес зиянкестерге және басқа аса қауіпті зиянды организмдер мен карантинді нысандарға қарсы күрес ұйымдастыру жөніндегі жұмыс комиссиясын құру туралы» өкіміне байланысты облыстық жұмысшы комиссиясы және жергілікті жерлердегі аудандарда (қалаларда) арнайы жұмыс тобы құрылды. Шегіртке тектес зиянкестермен күресті ұйымдастырудың іс-шаралар жоспары жасалып, атқарылуда.   
Өсімдік зиянкестерімен күресу жолы өте күрделі, ғылыми жаңалықтар мен әдістемелерді пайдалана отырып жүргізілетін кешенді шаралар. Оның ішінде әр зиянкеске қарсы пестицидтерді (улы химикаттар) қолдана отырып күресетін химиялық өңдеу жұмысының маңыздылығы мен экономикалық тиімділігі үлкен.
Әрине, бірді-екілі зиянкесті көре салып препараттарды қалай болса солай шаша беруге болмайды. Бұл жерде ғылыми негізделген зиян тигізудің экономикалық шегі (ЭЗТШ), яғни зиянды және аса қауiптi зиянды организмдердiң өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң ысырабын туғызатын, фитосанитарлық iс-шара жүргiзудi қажет ететiн санын, шегін дұрыс анықтау өте маңызды. Сондықтан, жоғарыда аталған филиал мамандары зиянкес кездескен жағдайда өз тараптарынан зерттеу, зертханалық талдау жұмысы арқылы химиялық өңдеудің қажеттілігін анықтап отырады. 
Әр химиялық препараттың қолдану ережелері, әсер ету уақыты және соңғы нәтижеде көрсетілетін биологиялық тиімділігі әртүрлі. Мысалы, шегірткеге қарсы химиялық өңдеуге республикалық бюджеттен бөлінген хитин қабатының синтезін тежеуіш ингибиторлар тобына жататын инсектицидінің әсері баяу сияқты көрінеді. Алайда, қолданғаннан кейін 2-3 тәулік өте салысымен жәндіктердің қоректенуі тоқтап, ары қарай дамып, өсуі тежеледі, яғни, бұдан әрі қауіпсіз деуге болады. Зиянкестер қолданғаннан кейін 5-10 күнде, яғни, келесі түлеу кезінде толық жойылады. Бұл препараттың осындай ерекшелігіне байланысты бір рет қана өңделген жерге жаңадан келген бірнеше шегіртке тобырлары (күлига) жойылады. Препарат улылық қатерлігі төменгі деңгейдегі құрама тобына жатады. 
Өңделетін жердің басым бөлігіне пиретроидтерге жататын препараттар қолданылады. Бұл инсектицидтер шегірткеге тез әсер етуімен және 20 тәулікке дейін ұзақ әсерлілігімен ерекшеленеді. Препараттар басқа ортаға улылық қатері жөнінен орташа деңгейдегі құрамалар тобына жатады. 
Ағымдағы жылы «Зеленый барьер» деп аталатын биологиялық препарат тексеруден өтуде. Бұл саңырауқұлақтар тобына жататын препарат тек тікелей шегіртке тектес зиянкеске әсерін тигізеді. Мұндағы мақсат – болашақта химиялық тәсілмен күресуді азайту.
Облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау қызметі бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ауылшаруашылығы дақылдарының егістіктеріне зиян келтіретін зиянды, аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы жүргізілетін фитосанитарлық іс-шараларға бақылау жұмысын атқарады. 
Әр өңір тұрғыны шегіртке тектес зиянкестің таралуын байқаған жағдайда барлық ауданда құрылған жұмысшы тобына немесе ауылдық әкімдіктерге дер кезінде хабарласқаны жөн. Бұл өсімдік зиянкесіне қарсы күрес жұмысына қосқан үлесі болып табылады. Облыс тұрғындарына пестицидтерді (улы химикаттарды) қолданып жатқан жерлерге бармау, өңделген жерлерге 21 күнге дейін мал жаймау және бал араларының омарталарын өңдеу алаңдарынан 3-4 шақырым аулақ ұстау керектігін ескертеміз. Әрбір тұрғын өңдеу жұмысы тәуліктің салқын, яғни, таңертеңгі және кешкі уақытта жүргізілетінін, техникалық сақтану ережелерін қатаң сақтау қажеттігін де білуі тиіс. 
ҚР «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңына сәйкес облыстық аумақтық инспекциясының әр аудандағы инспекторлары заң талабын барлық шаруа қожалық етуші субъектілердің қалтқысыз сақтауын қадағалайды. Барлық жер иеленуші жеке және заңды тұлғалар өз иелігіндегі жерде фитосанитарлық мониторинг пен фитосанитарлық iс-шараларды жүргiзуге және зиянды организмдердiң зиян тигiзудiң экономикалық шегiнен көп дамуы мен таралуына жол бермеуге тиісті. Осындай ауқымды жұмыстың арқасында биыл да ауылшаруашылығы дақылдарын, шабындықтар мен жайылымдарды зиянды түрлі организмдерден сақтап қалатынымызға сенім білдіруге болады. 
ҚР аумағында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің құрамдас бөлігі саналатын өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік шараларды жүзеге асырудың құқықтық негізі мен принциптерін «Өсімдіктер карантині туралы» Заңы белгілейді.
Осы Заңның 5-бабына сәйкес өсімдіктер карантині саласында мемлекеттік реттеуді ҚР Үкіметі, уәкілетті орган және оның аумақтық органдары жүзеге асырады (облыстық, аудандық, қалалық аумақтық инспекциялар және шегаралық өсімдіктер карантині жөніндегі бекеттері). «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 10-бабына сәйкес ҚР аумағына карантинді объектілерді әкелудің алдын алу, олардың таралу қаупі бар ошақтарын уақытылы анықтау, оқшаулау және жою мақсатында карантинге жатқызылған өнімдерді тұрақты карантиндік тексеру үлгілерін іріктей отырып, оның зертханалық сараптамасын, іріктеу арқылы бақылау тексерулерін, карантин құжаттарын тексеруді жүргізу және карантиндік іс-шаралардың орындалуына бақылауды жүзеге асыру өсімдік және азық-түлік ресурстарын қорғауға, карантинді объектілерге қарсы күреске арналған бюджет қаражатының болжанбаған шығыстарын болдырмауға, сондай-ақ отандық өнімнің бәсекеге қабілеттігін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, шегаралас мемлекет ҚХР-да 120-дан аса карантиндік объекті тіркелген. Облыс аумағында ресми 8 карантиндік объекті тіркелген, оның ішінде 4 карантиндік зиянкестер, 3 карантиндік арамшөптер және 1 карантиндік ауру. Атап өтейік, оңтүстік қызанақ күйесі, шығыс жеміс жемірі, калифорниялық қалқаншалы сымыры, қоңыр мәрмәр қандаласы, жусанжапырақты ойран шөп, жатаған у кекіре, сары шырмауық түрлері, жеміс ағаштарының бактериалды күйігі. 
Соңғы жылдары облыс аумағындағы алма бақтарда карантиндік ауру – жеміс ағаштарының бактериалды күйігі кең тарауда. Жеміс ағашының бактериалды күйігі – өте қауіпті жұқпалы ауру. Ауру қоздырғышы  Erwinia amylovora бактериясы. Осы аурудың алғашқы белгілері 2006 жылы Еңбекшіқазақ ауданында аумақтық инспекция мамандарымен алмұрт ағашында анықталған. 2008 жылдан бастап жеміс ағашының бактериалды күйігін анықтауға бағытталған мониторингтік шараларын қаржыландыру мемлекеттік бағдарламаға кіргізілді. Алма ағашында сипаттама белгілері 2011 жылы байқалған. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» облыстық, аудандық филиалдары мамандарының күштерімен 2012–2019 жылдары жүргізілген мониторингтік шаралардың нәтижесінде жалпы облыс бойынша осы аурудың залалданған көлемдері 905,2 гектарды құрады. Үстіміздегі жылы жүйелі түрде жүргізілген фитосанитарлық іс-шаралардың нәтижесінде аталған аурудың таралу аймағы 174,0 гектарға азайып, 731,2 гектарды құрап отыр.
2020 жылдан бастап профилактикалық шара ретінде республикалық бюджет есебінен «Косайд» препараты бөлініп, залалданған бақ аумақтары өңдеуден өтті. Ағымдағы жылы осы ауруды профилактикалық залалсыздандыру мақсатында Республикалық бюджет есебінен 690,1 гектар жерді өңдеуден өткізуге «Фитолавин» препараты бөлініп, бүгінгі күнге залалсыздандыру жұмысы жүргізілуде.
Ағымдағы жылы аталған аурудың таралу аймағын айқындау мақсатында мониторингтік жұмыстары мамыр айында басталды. Залалданған бақтар иелерінің бәріне тиісті карантиндік іс-шаралар жүргізу жөнінде нұсқамалар беріліп, орындалуы қатаң бақылауға алынды.
Айта кететін жағдай, жеміс ағашының бактериалдық күйігіне қарсы қолданатын нақты жойғыш препарат жоқ. Соған байланысты, ең бірінші қажетті шара, алма ағашты өсіру технологиясына сәйкес, агротехникалық талапты, химиялық өңдеу жұмысын қалтқысыз, сапалы атқару қажет. Сонымен қатар, бағбандар және саяжай иелерінің арасында үгіт-насихат жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. Облыстық деңгейде және барлық аудан-қалаларда семинар-кеңестер өткізілді. Облыстық, аудандық (қалалық) басылымдарда осы аурудың симптоматикалық белгілері және алдын алу профилактикалық шаралары жөнінде мақалалар жарияланып, арнайы насихат парақтары таратылуда. Қазіргі уақытта облыстағы барлық аудан-қалада карантиндік объектілердің таралған ошақтарын анықтау және химиялық өндеу жұмысы қарқынды жүргізілуде.  Өсімдіктер карантині саласындағы заң-намалық актілерді бұзғаны үшін нұсқамалар беріліп, 4 696 370 теңге айыппұл салынды.
Қосымша айта кететін мәселе, ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 13-1 және 9-баптары бойынша жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік инспекторлардың нұсқамалары бойынша өздері иеленген жер алқаптары мен егістіктерде, басқа да карантинге жатқызылған өнімді шығаруға байланысты объектілерде жүйелі түрде тексеріп, тиісті карантиндік шаралар жүргізуге тиіс. Заңның 18-бабының 2-тармақшасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен: 1) жеке және заңды тұлғалар меншігіндегі және жер пайдалануындағы объектілер мен жер учаскелерінде карантиндік арамшөптердің таралу ошағын оқшаулау және жою жөнiндегi іс-шаралар; 2) залалданған карантинге жатқызылған өнімді зарарсыздандыру, техникалық қайта өңдеу, тазарту және жою, карантинге жатқызылған өнiмді қайтару; 3) үй-жайлар мен көлік құралдарын зарарсыздандыру және тазарту орындалады.
Өкінішке қарай, көп жерде ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жоғарыда аталған Заңды орындауға немқұрайдылықпен қарайтыны байқалады. Сол себепті, карантиндік объектілердің таралған аймақтарының көбеюіне мүмкіндік береді. Республикалық бюджет есебінен бөлінген қаражатқа тек мемлекеттік қорға жататын жерлердегі карантиндік объектілердің таралған аймақтарында карантиндік шаралар толық жүргізіледі.   
Өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган және аудандық аумақтық инспекциялар мен шегаралық өсімдіктер карантині жөніндегі бекеттері өз қызметін шегаралық, кедендік, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда жүзеге асырады. Уәкілетті органның өз өкілеттіктері шегінде қабылдаған шешімі лауазымды тұлғалардың, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті саналады. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары уәкілетті органның өздеріне жүктеген міндеттерін шешуге жәрдемдесуге міндетті.
Құрметті ауылшаруашылығы тауар өндірушілері! Облыс аумағында Заң талабына сай фитосанитарлық жағдайды қалыптастыру – бәріміздің міндетіміз. Осыған байланысты карантиндік объектілердің одан әрі таралуына жол бермеу үшін жоғарыда аталған тиісті карантиндік іс-шараларды уақытылы әрі сапалы жүргізу қажет екенін естеріңізге саламыз.

С. САҚМОЛДИН,
ҚР Ауыл шаруашылығы
министрлігінің  агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік  инспекция комитетінің облыстық аумақтық
инспекциясының басшысы