СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ БҮКІЛ ЕЛДІ АЛАҢДАТЫП ОТЫРҒАН ПРОБЛЕМА ТУРАЛЫ АЙТТЫ

Уақыты: 09.07.2021
Оқылды: 1573
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сенат төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Шара барысында Сенат төрағасы облыстың және Алматы қаласының әлеуметтік кәсіпкерлерімен кездесті. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев облыстағы шаруалармен жолығып, өңірлердегі қуаңшылыққа алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кәсіпкерлермен кездесуде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған заңның басымдықтары туралы сөз болды. Сенат баспасөз қызметінің мәліметінше, Мәулен Әшімбаев сенаторлардың бұл салаға баса мән беруі тегін емес екенін айтып, қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік экономиканың өсуі мен қоғамның дамуында маңызды рөл атқаратынына назар аударды.

- Әлеуметтік кәсіпкерлік - жаңа бағыттардың бірі. Оның болашағы зор. Бұл сала табыс табумен қатар, азаматтардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпкерліктің бұл түріне баса мән беріп келеді, – деді Сенат спикері. Сондай-ақ, ол әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленгенін, оған сенаторлар бастамашыл болғанын жеткізді. «Бұл заңда алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлікке заңнамалық тұрғыдан түсінік берілген. Осы заң арқылы әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға арналған нақты шаралар да анықталды. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер мен несиенің үстеме ақысын субсидиялау және жалдау құнын төлеу сияқты қаржылай қолдаулар қарастырылған. Мемлекет меншігіндегі ғимараттарды жеңілдікпен жалға беру мүмкіндігі де назарға алынды. Одан бөлек, мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін гранттар бөлінеді», – деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау үшін аса маңызды қадам жасалғанын айтты. Ол өз сөзінде алдағы уақытта сенаторлар бұл саланы одан әрі қолдауға арналған жаңа тетіктерді ұсынуға және оларды талқылауға дайын екенін атап өтті. Сонымен бірге, елді алаңдатып отырған өңірлердегі қуаңшылық мәселесіне назар аударып, Ауыл шаруашылығы министрлігін бұл түйткілді шешу үшін белсенділік танытуға шақырды.

Сенат баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы облысына жұмыс сапары барысында шаруалармен кездескен Сенат спикері қазіргі таңда еліміздің кейбір аймақтарында құрғақшылық белең алғанын, соған байланысты жергілікті шаруашылықтар айтарлықтай зардап шегіп отырғанын айтты. Ол бұл проблемаға Мемлекет басшысы да назар аударып, оны жедел шешу үшін тиісті органдарға нақты тапсырмалар бергенін тілге тиек етті.

- Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің соңғы отырысында мал шаруашылығына айтарлықтай салдарын тигізіп отырған қуаңшылық мәселесіне назар аударды. Қазіргі таңда бұл – бүкіл елді алаңдатып отырған проблема. Сондықтан тиісті министрлік осы мәселені шешу үшін бар күш-жігерін жұмсауы керек. Бұл жолда жүйелі қадамдар қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі жедел түрде ахуалдың салдарын талдап, жағдайды жан-жақты сараптап, мәселені шешу жолдарын ұсынуға тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар, палата төрағасы сенаторлар ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту, ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін де жиі көтеріп келе жатқанын атап өтті. Ол былтырғы бюджеттің орындалуы туралы Үкіметтің есебін қарау кезінде Сенат депутаттары аграрлық саланы қаржыландырудағы олқылықтарға назар аударғанын айтты.

- Ауыл шаруашылығындағы негізгі мәселелердің бірі саланың толық қаржыландырылмауы болып отыр. Мысалы, 2020 жылы аграрлық секторға жоспарланған қаражаттың жартысынан астамы ғана бөлінген, – деді Сенат төрағасы. Сондай-ақ, Алматы облысының шаруаларымен кездесуде қуаңшылық мәселесін шешуде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі, мұндай төтенше жағдайға дайындық әрдайым басты назарда болу керектігі айтылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"