ІС, НӘТИЖЕ, СЕНІМ: АМАНДЫҚ БАТАЛОВТЫҢ ЖЕТІСУ ӨЛКЕСІН БАСҚАРҒАНЫНА - 7 ЖЫЛ!

Уақыты: 21.08.2021
Оқылды: 1333
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Амандық БАТАЛОВТЫҢ Алматы облысының әкімі лауазымын абыроймен атқарып келе жатқанына жеті жыл толды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Осыған орай облыс басшысы әлеуметтік желіде пост жариялап, зор сенім артқан Нұрсұлтан Әбішұлы мен Қасым-Жомарт Кемелұлына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, халықтың батасын алудан асқан сый жоқ екенін тілге тиек етті.

"Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маған сенім артып, Алматы облысының әкімі етіп тағайындағанына 7 жыл толып отыр. Кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та бастаған ісімді жалғастыруға мүмкіндік беріп, сенім білдірді. Мен әкім болуды лауазым, билік деп емес, ең бірінші зор жауапкершілік, халыққа қалтқысыз қызмет ету деп қабылдадым. Осы уақыт ішінде Үкіметтің қолдауымен, әріптестерімнің және жетісулықтардың көмегімен жұдырықтай жұмылып, қаншама жұмыстарды бірлесіп атқардық. Ауыртпашылықтар да болды, жетістіктерге де жеттік. Қиындықтарды ортақ мақсатқа деген жауапкершілігімізбен, ынтымақ-бірлігімізбен еңсердік. Игі істерімізге бірге қуандық. Мен үнемі Жетісу халқының, әріптестерімнің және жақындарымның қолдауын сезіндім. Бұл маған небір қиын сәттерде күш-қуат берді, жауапкершілігімді бұрынғыдан да терең сезінуге мүмкіндік берді. Жер жаннаты Жетісуда қызмет ету, үлкеннің батасын, халықтың алғысын алу менің тағдырымның ерекше сыйы деп білемін. Биыл - ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, үлкен белес. Еліміз асулардан аса берсін! Тәуелсіздігіміз баянды, заманымыз тыныш, жұртымыз аман болсын!" - деп жазды желіде Амандық Баталов.