ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ: ЛАЗЗАТ ТҰРЛАШОВ ТАҒЫ ДА ЖАУАПТЫЛАРДЫ ЖИНАДЫ

Уақыты: 23.08.2021
Оқылды: 1014
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов алдағы жылыту кезеңіне дайындықтың қалай жүріп жатқанын тағы бір мәрте пысықтау үшін селекторлық жиын өткізді. Оған салаға жауапты мамандар мен аудан, қала әкімдері қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жиында «Мүліктік меншік иелерінің бірлестігі» институтын енгізу жөніндегі реформаны жүзеге асыру, санитарлық тазалық және мектептердің бірінші қыркүйекке дайындығы жөнінде де мәселелер қарастырылды.

Осыған байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Қайрат Бұлдыбаевтың баяндамасы тыңдалды. Айтуынша, аймақта қысқа дайындық жұмыстары өз деңгейінде жүруде.

Бүгінде бюджеттік ұйымдар үшін 26,1 млн.литр дизель отыны сатып алынып, соның 26 пайызы жеткізілген. Аталған ұйымдар үшін 24 мың тонна көмір сатып алуға бюджеттен 699 миллион теңге қаражат қарастырылып, осыған дейін 32 пайызы сатып алынған.

Айта кетейік, қатты отын дайындау бойынша бюджеттік нысандардағы жұмыстар Іле, Жамбыл, Қарасай, Райымбек, Ұйғыр аудандары мен Қапшағай қаласында ойдағыдай емес. Ал энергия кәсіпорындары үшін 405,3 мың тонна көмір, 15 мың тонна мазут дайындау жоспарлануда.

Тұрғындар үшін көмір қажеттілігі 1,37 миллион тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге халыққа 450,7 мың тоннасы сатылса, 113,6 мың тоннасы қоймалар мен тұйықтарда. Халықты қатты отынмен қамтамасыз ету жұмыстары Ақсу, Іле, Қаратал, Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласында баяу жүруде. Облыс аумағында аудандар мен қалалар әкімдіктері жүргізген мониторинг бойынша өңірлік операторлардың тізбесін айқындау мақсатында облыс бойынша 77 кәсіпкер халыққа көмір сатуды жүзеге асырмақ. Сондай-ақ, баяндамада жыл соңына дейін 602 мүлік иелері бірлестігін және 1917 жай серіктестік құру жоспарланғаны айтылды. Белгілі болғандай, бүгінде 110 мүлік иелері бірлестігі және 1017 серіктестік құрылған. Осы туралы мәліметтерді «Easy Project» жүйесіне тіркеу жұмыстары баяу.

Облыста 106 көп қабатты тұрғын үйлерде 249 лифт бар, оның 26-сын ауыстыру, 14-іне жөндеу жүргізу қажет. Облыс аумағында жерді ғарыштық мониторингілеу «Геопортал» жүйесі арқылы 495 стихиялық қоқыс үйінділері анықталып, бүгінде соның 326-сы жойылған. Анықталған 41 стихиялық қоқыс үйінділері жекеменшік жер телімдерінде орналасқан. Жақында жұмыс тобы елді мекендердегі анықталған қоқыс үйінділеріне зерделеу жұмыстарын жүргізген. Десе де елді мекендерде санитарлық тазалау жұмыстарын қаржыландыруға қарамастан, стихиялық қоқыс үйінділерінің саны артуда.

Жиында жаңа оқу жылына білім ошақтарының дайындығы мен отын қорының әзірлік барысы бүге-шігесіне дейін сұралып, сала қызметкерлерінен жауаптар алынды. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары да назарға алынды. Соңында Лаззат Махатұлы күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты тапсырмалар беріп, қалай болғанда да қыстан қысылмаудың қамын жасауды міндеттеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды