ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ТАБЫСҚА БАСТАЙДЫ

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 2269
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елде Мемлекет басшысының Жарлығымен 2013 жылғы мамырда Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы қабылданып, бұл орайдағы міндеттер белгіленді. Сонымен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы және «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу жоспары аясында «Жасыл экономиканы» игерудегі алғашқы қадам жасалды. Экологияны жақсарту қамымен Астана маңында қолға алынған жасыл белдеу бүгінде ну орманға айналды. Иә, жағымды жетістіктер жеткілікті. Десе де, елдегі энергияның 99% бүгінде дәстүрлі қуат көздерінен өндіріледі. Ал табиғи қуат көздерінен өндірілетін энергияның үлесі 1%-дан аспайды. Ал дамыған елдерде энергияның әр бесінші киловатт-сағаты «Жасыл экономикаға» тиесілі.

Шетелдерде жасыл технологияның дамуы, экологиялық жаңғыру идеялары ХХ ғасырдың 80-90 жылдары қарқын алды. Басты алғышарты – екі есе ұту ұстанымына сүйене отырып, бұл идея мақсатқа сай экономикалық өсімге қол жеткізумен қатар ресурстарды үнемдеу және жасыл инновацияны ендіруші компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашты. «Жасыл экономика» бағдарламасы 2009 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумда жаһандық дамудың бірден-бір жолы деп танылды.

Аталған бағдарламаны ауылшаруашылығында қолданып, одан жоғары және сапалы өнім өндіру, суармалы жердің көлемін ұлғайтып, жұмсалатын су мөлшерін азайтады. Бұл күннен-күнге өсіп келе жатқан су ресурстарының тапшылығына, су ресурстары сапасының нашарлауына, суармалы жерлердің тұздануына тікелей байланысты. Жаһандық климаттың жылынуына байланысты жылдан жылға үдеп келе жатқан су тапшылығынан әсіресе Орта Азия елдерінде суды тиімді пайдаланудың жолы мен тәсілін іздестіру, су тапшылығына төзімді  дақылдар мен олардың сорттарын іріктеу бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Бұл мәселені ойдағыдай  шешу болашақта елдің азық-түлік және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты екені даусыз. Сондықтан еліміз кейінгі жылдары тамшылатып суару технологиясын тиімді пайдалана бастады.

Тамшылатып суару басқа суару түріне қарағанда тиімді. Тіпті шетелдік ғалымдар тамшылатып суарудың басқа суару түрімен салыстырғанда жоғары өнімділікке қол жеткізетінін анықтап отыр. Тамшылатып суару барысында жамылғы пленкаларын қолдану ылғалды сақтап қана қоймайды, арамшөптермен күресуде де тиімді. Бұл технология Қытайда ғана емес, Пәкістан, Мозамбик, Нигерия, тағы басқа елдерде 1 млн. гектардан астам жерде кең қолданылуда. Тамшылатып суару технологиясы негізінен жеміс, көкөніс, қант қызылшасы, мақта, жүгері, майбұршақ, тағы басқа дақылдар  өсіруде қолданылады.

Елдің оңтүстік аудандарында тамшылатып суару жүйесі пайдаланылатын егістіктің көлемін арттырып, оған демеу­қаржы бөлу көзделуде. Мұндай технологияны Қарасай ауданы 2012 жылдан бастап Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы институты суармалы егіншілік бөлімінің тәжірибелік жерінде күріш, қант қызылшасы, майбұршақ, жүгері, күздік бидай дақылдарына қолдана бастады. Атқарылып жатқан ғылыми-тәжірибелік жұмыстың басты мақсаты – аталған дақылдарды өсірудің толық технологиясына тамшылатып суару тәсілін енгізу. Атқарылып жатқан ғылыми жұмысқа егіншілік бөлімінің жетекшісі, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Оспанбаев жетекшілік етеді.

Тамшылатып суару технологиясына келсек, алдымен топырақ өңделеді, сосын арнайы техникамен суару түтікшелері тартылады. Сол түтікшелердің үстіне үлкен арнайы пленка төселеді, оның екі жанына дискімен топырақ жабылады. Содан соң арнайы сепкішпен пленканы тесіп дақыл себіледі. Пленка жерге арамшөпті өсірмейді. Ол шамалы уақыттан кейін ыдырап жоқ болады. Қосымша қаражатты қажет етпейді. Нәтижесінде, арамшөп тарамайды. Екінші жағынан, тамшылатып суаруда су жүйесімен таралатын арамшөп тұқымы мүлде болмайды. Себебі, су жүйесінде сүзгіш орнатылған. Егіс арамшөптен таза болады. Сондықтан егілген дақылдардан мол да сапалы өнім жиналады.

Жамылғы пленканы пайдаланып тамшылатып суару әдісі күріш, жүгері мен майбұршақ дақылдары өскіндерінің ерте және біркелкі өсіп шығуына, олардың пәрменді өсіп дамуына, өнімділігінің жоғарылауына жақсы әсер етеді. Тамшылатып суарғанда жамылғы пленканы пайдалану егістіктің арамшөптермен ластануын азайтады. Бұл егістікте қол жұмысын немесе механикалық және химиялық әдістерді пайдалануды шектейді. Жүгері мен майбұршақ дақылдары үшін жамылғы пленканы пайдаланып жер үстімен тамшылатып суару, ал қант қызылшасын өсіру үшін пленкасыз жер­ас­тымен тамшылатып суару ең қолайлы. Тамшылату әдісін пайдаланғанда дақылдарды суғаруға кететін су мөлшері 2,5-3 есе қысқарады. Екінші жылдың зерттеулері күрішті тамшылатып суарудың ең тиімді тәсілі жер­асты арқылы суару екенін дәлелдеп отыр. Бұл орайда су мөлшері 5-10 есе қысқарады.

Осы айтылған технологияны қолданып, биылдан бастап «Әлмес» ЖШС  егіс алқабында күріш, майбұршақ, жүге­рі, сор­го, могар дақылдары  себіліп, тә­жі­ри­беден өтуде. Қазіргі кезде айтылған да­қылдардың шығымдылығы орташа, қажетті жұмыстар толығымен атқарылып жатыр.

Айта кететін мәселе, күріш дақылын тамшылатып суару жұмысына электр, күн сәулесінің қуаты пайдаланылады. Бұл бағытта Қазақ ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары тәжірибе жүргізіп жатыр. Онда күріштің 12 сорты сынақтан өтуде. Республика көлемінде аудандастырылған сорттар да бар. Жекелеп алғанда айтылған күріш сортының пісу мерзімі  90-110 күннің арасында. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты  Балқаш ауданы жағдайында қандай сорт түрі аудандастыруға жарамды, олардың өнімділігін, жер жағдайына төзімділігін сынақтан өткізу. Сол арқылы тұқым шаруашылығымен айналысып, демеуқаржы алу жағын қарастыру. Атқарылып жатқан ғылыми жұмысқа ауылшаруашылығы ғылымының докторы, республикаға белгілі «Ақмаржан» сортының авторы Құрманбек Бәкірұлы жетекшілік етеді.

Өткенге үңілсек, 1970–1980 жылдары Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Ақдалада күріштің ауыспалы егісін игерсе, 1974–1980 жылдары бұрынғы «50 жылдық» кеңшарының  ауыр топырақ түріне егілген күріштің шығуы шыққанымен толығымен қурап қалатын жағдайын сынақтан өткізіп, бұл топырақтағы химиялық элемент бордың әсерінен болатынын анықтады. Оған қарсы, яғни, күріш солып қалмауы үшін мырыш тыңайтқышын қолданып, бордың әсерін төмендетіп күріштің өсуіне қолайлы жағдай жасалды. Осыдан кейін  Ақдаланың топырақ құрамы жақсарып, дақыл өнімділігі көтерілгені белгілі. Сол қатарда күріштің жаңа сорттары егіліп, оны өсірудің жаңа технологиясы күріш ауыспалы егісінде қолданылды. Ол «Іле» тәжірибе шаруашылығында атқарылды. Ал «Әлмес» ЖШС егіс алқабында жүзеге асыра бастаған тамшылатып суару технологиясының да берері аз болмайды.

Жұмағали ОСПАНБАЕВ,

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-дың  егіншілік бөлімінің меңгерушісі,

ауылшаруашылығы  ғылымдарының докторы,  профессор.

Ермек ӨНЕРБЕКОВ,

«Әлмес» ЖШС директоры.

Созақбай САДЫҚОВ, ауылшаруашылығы  ғылымдарының кандидаты.