САЛЫҚ ОРГАНДАРЫ ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗУДІ УАҚЫТША ТОҚТАТТЫ - КІРІС ДЕПАРТАМЕНТІ

Уақыты: 24.01.2022
Оқылды: 1472
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ 2022 жылғы 5 қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру жөніндегі кеңесте берген хаттамалық тапсырмаларын орындау аясында бақылау шаралары 2022 жылғы 1 ақпанға дейін тоқтатылды.

Бұл туралы Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады. 2022 жылғы 1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер органдарымен басталған және ұйымдастырылатын салықтық және кедендік тексерулерді, сонымен бірге, тауарлар шыққаннан кейінгі кедендік және басқа құжаттар мен мәліметтерді тексерулер уақытша тоқтатылды.

Осылайша, 1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер органдарымен басталған барлық тексеру тоқтатылады. Сонымен бірге, аталған мерзімге дейін мемлекеттік кірістер органдарымен, құқық қорғау органдарымен, өз қызметтеріне қатысты кәсіпкерлік субъектілерінің арыздары бойынша тағайындалатын тексерулерді қоспағанда, жаңа тексерулер тағайындалмайды.

2022 жылғы 1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізуді, сондай-ақ, оның нәтижелері бойынша камералдық бақылау бойынша хабарламалар мен салық заңнамасын бұзуды жою туралы хабарламаларды қалыптастыруды уақытша тоқтатты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"