АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ ЕКІ ІРІ ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ - ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ

Уақыты: 11.03.2022
Оқылды: 1913
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ пен «Alina Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерлік Балфанбаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Кездесу барысында қос тарап аймақ экономикасы мен инновациялық және құрылыс салаларын дамыту мәселелері жөнінде сөз қозғады.

Алдымен Қанат Алдабергенұлы меморандум аясында жүзеге асырылатын жоба-жоспарлар жайында егжей-тегжейлі әңгімеледі. Сондай-ақ, ол: «Талдықорған өңірінде бірқатар жаңа кәсіпорындар ашу жоспарда бар. Бұл шағын тігін фабрикасы, полипропилен құбырларын, керамикалық кірпіштерді, темірбетон конструкцияларын және басқа да қажетті құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар. Біз облыстың қажеттілігіне қараймыз және ең бастысы сапалы жұмыс орындарын құрамыз. Осылайша, индустрияландыру арқылы адамдардың өмірін жақсартуды жоспарлап отырмыз. Бізде білікті техникалық мамандар пайда болады. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамытатын боламыз. Екі, үш жылдан кейін тұрғындар оң өзгерістерді сезінеді. Бұл менің облыс әкімі лауазымындағы басты міндетім», – деді.

Бұдан соң облыс аумағында кәсіпорын ашуға ниет білдіріп келген белгілі кәсіпкер Ерлік Балфанбаевты таныстырып өтті. Белгілі болғанындай, әріптестік қатынасты орнату бағытында аймақта екі жоба іске асып, талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашылмақ.

Зауыттың бірі Текелі қаласы маңынан орын теппек. Жалпы алаңы үш гектар аумаққа орналасатын өндіріс орнында мәрмәр ұнтағы мен құрылысқа қажет басқа да қоспалар әзірлейтін өнімдер шығарылатын болады. Оның инвестициялық көлемі 7,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба бес жыл ішінде кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Кәсіпорында жаңа жұмыс орындары ашылып, барлығы екі жүз елу адам жұмыспен қамтамасыз етіледі деп көзделіп отыр. Жаңа кәсіпорынның ашылуы тұтастай алғанда, жақсы туристік әлеуетке ие Текелінің дамуына да жағымды әсер етеді.

Аталған жобаның екінші кезеңі Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриалды аймағында іске асырылмақ. Бояу өнімдері мен автоклавты газобетон шығаратын алып зауыттың жалпы алаңы он гектарды құрайды. Инвестициялық көлемі 8,8 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба да бес жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Жаңа өндіріс орнында үш жүзге жуық адам еңбекке тартылмақ.

Өз кезегінде Ерлік Құрман-Әлиұлы сөз сөйлеп, өзінің кәсібі мен қазіргі кезде атқарып отырған жұмыстары жайында қысқаша мәлімет берді. Оның айтуынша, компания 1999 жылдан бастап құрылысқа қажет материалдар шығара бастаған. Өнімдері Ресей және Орта Азия елдеріне таралады. Олардың өндірістік алаңдары Алматы, Ақтөбе, Семей, Аягөз, Тараз қалаларында орналасқан. Ал Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында барлығы тоғыз карьер бар. Бүгінгі таңда компанияда үш мыңнан аса адам еңбек етуде.

Кәсіпкер, сондай-ақ, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Соңында облыс басшысы аталған жобаларды қолдау бағытында қажетті жағдайдың бәрі жасалатынын, бұл аймақты дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін маңызды екенін жеткізді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы