Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ВИЦЕ-МИНИСТР ТАЛҒАРҒА КЕЛІП, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 16.09.2022
Оқылды: 2324
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (ҚазЖКШҒЗИ) «Талғар» өңірлік филиалында «Жеміс-көкөніс шаруашылығы саласындағы ғылыми дамытудың өзекті мәселелері мен болашағы» атты помологиялық бақтың 85 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Мерейлі іс-шара барысында жеміс-жидек өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, онда институттың селекциялық жетістіктерімен және жеміс-жидек дақылдарының көпжылдық коллекциясы таныстырылды. ҚазЖКШҒЗИ-да далалық үлгідегі және in vitro коллекциясы түрінде шоғырланған бақша дақылдарының коллекциясы қазіргі уақытта Орталық Азиядағы жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің жалғыз генетикалық жинақтаушы банкі болып табылады және мұнда бүгінгі күнге 1617 генотиптері сақтаулы. Мемлекеттік сорттау сынағына алманың – 14, шиенің – 6, өріктің – 8, таңқурайдың – 4, қара қарақарақаттың – 6 сорты берілген.

Мерейлі іс-шараға ҚР Ауылшаруашылық вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, ҚҰ АШМ Өсімдік шаруашылығы департаментінің директоры Азат Сұлтанов, ҚР АШМ Ғылым басқармасының бастығы Шәрбан Қосқараева, ҰАҒБО Ситуациялық-талдау орталығының жетекшісі Серік Сыдықов және Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Коюмчан Омаров арнайы қатысты. Сонымен қатар, ардагер ғалымдар, түрлі ғылыми мекемелердің өкілдері, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен танымал компания басшылары қатысып, өзіндік ой-пікірлерімен бөлісті.

- Қазақ жеміс-жидек шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұжымы мен оның өркендеуіне еңбек сіңірген ақсамайлы ғалымдар, сіздерді помологиялық бақтың 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Жалпы, алманың отаны – Қазақстан дейміз. Кезінде ғалым Николай Вавилов Тянь-Шань таулары сиверс алмасының отаны екенін айтқан. Оның еңбегін жалғастырған Аймақ Жанғалиев болды. Елу жылдан аса осы бағыттағы жұмыстарға көптеген еңбегін сіңірді. Осы институттың тәй-тәй басқанынан бастап, аяқтан нық тұруына зор үлесін қосты. Осындай дарынды ғалымдардың ізбасарлары өздеріңіз боласыздар. Осыдан апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласында Нидерланд Елшілігі, Корольдігі мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық байланыстың 30 жылдығы аталып өтті. Сол жерде бірнеше нидерландылық ғалымдар екі нәрсені мақтан тұтты. Оның бірі – қызғалдақ болса, екіншісі – алма. Осы екеуінің отаны – Қазақстан екендігін атап айтты. Ол мына сіздердің еңбектеріңіз, – деді конференцияда сөз бастаған ҚР Ауылшаруашылық вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

- Біз осыған дейін шетелдік өнімдерді таңсық көріп жүріп, өзіміздің көп нәрсемізді жоғалтып алдық. Жаңа 2015 жылы ашылған бес гектарлық апорт бағын көрдік. Бір апорттың салмағы – 470 грамм боп тұр, осы айдың аяғына дейін шамамен 500 грамнан асырар деген ойдамыз. Апортты брендке айналдыру – мақсат. Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы  Ауылшаруашылық министрлігі тарапына өте қатты сын айтты. Себебі, бізде астық дақылдарының 60 пайызымен ғана өзімізді қамтамасыз етсек, бақша дақылдарынан 90 пайыздан аса шетелден импорт жасаймыз. Сондықтан алдағы жылы тұқым шаруашылығы орталығын құру жұмыстары министрлік тарапынан атқарылып жатыр. Жыл соңына дейін нақты бағыттары айқындалады. Сонымен қатар, тұқым шаруашылығын субсидиялауда келер жылдан бастап жаңа ережелері қолданысқа енеді. Жаңа субсидиялау ережелерінде тұқым шаруашылығының техникаларын қолдау сынды жобалар бар. Тұқым шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға 50-ден 70 пайызға дейін субсиядия қарастырылып отыр. Жалпы, алдағы 10-15 жылда өзіміздің отандық тұқыммен 70 пайызға қамтамасыз ету көзделген. Бұған дейінгі субсидиялар нәтижесіз емес. Айталық, 29 әлеуметтік маңызы бар тауарлар болса, соның 23 пайызымен Қазақстан өз-өзін қамтамасыз етеді. 12 тауармен 100 пайыздан аса, 11 тауармен 100 пайызға жете қамтамасыз етіледі. Олардың ішінде экспортқа шығарылып жатқандары бар, оның барлығы осы ауылшруашылық тарапынан қолдаудың нәтижесі деп білеміз. Отандық ғалымдардың шығарып жатқан тұқымдарын, сорттарын көрдік. Ешбір шетелдік тұқымдар мен өндірістен кем емес. Өсімдік, бақша өнімдерінен өңделген неше түрлі смузи, шырындар шығарылып жатыр. Ендігі мәселе – соны өндіріске енгізу, – деген вице-министр «өткенімізбен ғана мақтанамыз, ал әзірге ауыз толтырып айтарлық ешқандай жетістігіміз жоқ» екендігін ашып айтты. Сол себепті, аға буынның өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, жас ғалымдарға бағыт-бағдар беріп, іс-тәжірибелерімен бөлісудің маңыздылығын атай келе, қазақстандық өнімнің әлем елдеріне таралуына тілектестігін білдірді.

– Ғылыммен жұмыс жасау маңызды. Бүгінде қайта өңдеу бойынша пилоттық жобалар жасалуда. Енді оны өндіріске енгізіп, таза табиғи өнім шығару керек. Жалпы, Алматы облысы бойынша 24 мың гектар бақша себілген. Оның ішінде алма бағы – 17 мың гектар. Апорт – 2200 гектар. Ол ішкі сұранысты толықтай қамтамасыз етеді. Кейінгі жылдары интенсивті бақтар отырғызылды. Оның әр гектарынан 30-50 тоннаға дейін өнім жинау күтілуде. Оны сақтауға, шетелге шығаруға мүкіндік бар, – дейді Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Коюмчан Омаров.

Көрмеде институт ғалымдарының жетекшілігімен жасалған ауылшаруашылық тауарлары көптің назарына ұсынылды. Соның бірі, өндіріске енгеніне 8 жыл болған биоорганикалық тыңайтқыш көптің қызығушылығын тудырды. Үй ішінде өсірілетін гүлден бастап, далалық өсімдіктердің барлық түріне қолданылатын кешенді органо-минералды тыңайтқыштың сапасы сыннан өткен.

- Отандық «BioZam-Zam» минералды тыңайтқышқа еліміздің әр қиырынан сұраныс артып келеді. Түркістанды көркейтуге де өз үлесін қосты. Бүкіл өсімдік атаулыға қолдануға болады. Солтүстік аймақ картоп, астыққа алуда. Қыс айларында жылыжай өсімдіктерін құнарландыруға пайдаланады. Күніге 70-80 тонна тыңайтқыш әзірленеді, – дейді өнім өндіруші компания өкілі Болат Сүйінбаев.

Конференция соңында помологиялық бақтың өсіп-өркендеуіне, көркеюіне үлес қосқан ғалымдар мен ардагерлердің бір тобы марапатталып, мерейі тасыды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Талғар ауданы,

Алматы облысы