ҮШТӨБЕДЕГІ «KAZSILICON» КОМБИНАТЫНДА 100 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНЫ АШЫЛАДЫ

Уақыты: 24.03.2023
Оқылды: 1193
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы кремний өңдейтін «KazSilicon» комбинатына барып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынды аралады. 

Былтыр наурыз айында іске қосылған кәсіпорында 255 жұмысшы еңбек етеді. Қызметкерлердің орташа жалақысы 280 мың теңге. Кәсіпорындағы жұмысшылардың барлығы жергілікті тұрғындар. Зауытта кварц өндіру қуаты жылына 40 мың тоннаға дейін жетеді. Ал кремний жасау қуаты 6 мың тонна. Бірақ, нарықтағы бағаға байланысты әзірге кремний шығару тоқтап тұр. Қазір мұнда ферросилиций шығарылады. Зауыттағы шикізаттың 80 пайызы отандық өнім. Мәселен, комбинат шикізат ретінде зауыттан 25 шақырым жерде орналасқан аудандағы «Сарыкөл» кен орнының талшықты кварцын пайдаланады. Көмір Қарағандыдан, ағаш Петропавлдан келеді. Тек пешке пайдаланатын электродты ғана шетелден алдырады екен. 
– Болашақта кәсіпорынның қуаттылығын арттыру үшін екінші пеш салуды жоспарлап отырмыз. Қосымша пешті салуға байланысты инвесторлармен келіссөз де жүргізіп жатырмыз. Оған Қытайдағы пандемияның салдары кедергі келтіріп, әзірге бұл іс уақытылы жүзеге аспай тұр. Егер екінші пеш салынып, жұмыс сәтті жүрсе тағы 100 жаңа тұрақты жұмыс орыны ашылады, – дейді кәсіпорын директоры Марат Сәрсенов. 
Болашақта жұмысшылар тапшы болмас үшін қазірден бастап кәсіпорын жергілікті Бастөбе сервистік-техникалық колледжімен келісімшартқа отырыпты. Колледжде кәсіпорынға қажетті «Электро мантер», «Сварщик», «Слесарь», «Механик» сияқты мамандықтар оқытылады. 
Кәсіпорынды толық аралап шыққан министр, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған өндіріс орындары аса маңызды екенін айтып, жұмысшыларға сәттілік тіледі.

Айдар Қалиев