Жетісуда ауыл шаруашылығын дамытуға 46 млрд. теңге қаражат бөлінді

Уақыты: 16.07.2023
Оқылды: 700
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде 19 сәуірде өткен кеңейтілген кеңесінде ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Осы бағытта ағымдағы жылы еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісіне қомақты қаржы бөлінді. Сондай-ақ,  жер және су ресурстары жеткілікті, агросубъектілерге жан-жақты мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде.

Облыста ауыл шаруашылығын дамытуға 46 млрд. теңге қаражат бөлінді оның ішінде өндірісті субсидиялауға  23,2 млрд. теңге қарастырылған. Жалпы, аймақтағы ауыл шаруашылығы өндірісінде өсімі бар, дегенмен, өнімділікті арттыру бағытында атқарылуы тиіс жұмыстар да көп.

Әрине, ауыл шаруашылығын өркендету үшін дәнді-майлы дақылдарды егуде ауыспалы егіс көлемін сақтау, тұқымды сапаландыру, минералды тыңайтқыштарды жеткілікті мөлшерде дайындау керек. Жоғары өнім алу үшін әрбір дақылды өсірудің арнайы технологиялық карталарын әзірлеудің де маңыздылығы басым.

Биыл ауа райы аумалы-төкпелі болып тұр. Көктемгі ауа райының қолайсыз жағдайы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін алаңдатып тастағаны да жасырын емес. Оның үстіне күннің бірде суып, бірде ысып кетуі, күндіз-түні үздіксіз соққан желдің де сала мамандарының жоғары өнімділікке деген күдік-күмәнін көбейте түсті.

Аймақтағы дәнді дақылдардың егіс көлемі 315,3 мың гектарды құрады. Бүгінде егін орағы Ақсу, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан аудандарында басталып, жұмыс қызу жүріп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 11 шілде күнгі ақпаратына сүйенсек, 3,8 мың гектар масақты-дәнді дақыл алқабы орылып, 6,8 мың тонна астық бастырылған. Қазіргі гектар берекелігі 18,0 центнерді құрады. Бірақ егін орағы енді ғана басталып жатқанын ескерсек, нақты көрсеткіш 315,3 мың гектар алқап толық орылып, қамбаланған кезде белгілі болады.

Бірақ дәнді дақылдардың өнім көлемі төмен болмайтынына осы саланы қадағалап отырған сала мамандары сенімді.

Қажет Андас
Сурет: ғаламтордан алынды