Қазақстаннан өтетін транзиттік жүктің 50% астамы Ресейден келеді – Көлік министрі

Уақыты: 21.11.2023
Оқылды: 407
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстанда жыл соңына дейін темір жолмен жүк тасымалдау көлемі 300 млн тоннаға жетеді. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев айтып берді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, еліміздің географиялық орналасуы транзиттік әлеуетті дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

«Биылғы 10 айда темір жол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 200 млн 46 мың тоннаны құрап, 3%-ға өсті. Жыл соңына дейін шамамен 300 млн тонна жүк тасымалданады. Қазіргі уақытта теміржол көлігі экономиканың экспорттық бағыттағы қажеттіліктерін толық көлемде қамтамасыз етеді», - деді М. Қарабаев бүгінгі Үкімет отырысында.

Жыл басынан бері экспорттық тасымалдау 70 млн 700 мың тоннаны құрап 8, 5%-ға өскен.

«Транзиттік тасымалдар да белсенді қарқынмен дамуда. 10 айдың қорытындысы бойынша транзиттік жүк тасымалдау көлемі 19%-ға өсіп, 22 млн 500 мың тонна болған. Бұл ретте контейнерлік тасымалдар 15%-ға ұлғайды. Жолаушыларды тасымалдау көлемі 2,5%-ға артып, 16 млн 600 мың жолаушыны құрады. Президенттің елдің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту тапсырмасы шеңберінде транзиттік тасымалдарға ерекше назар аударылуда», - деді Көлік министрі.

Контейнерлік тасымалдардың 2022 жылғы көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда 29%-ға артты. Ал биылғы өсу қарқыны 15% деңгейінде сақталып отыр. Транзиттік жүктердің негізгі бағыттары – Қытай мен Ресей. Ресейден келетін жүктер дәстүрлі транзиттің 50%-дан астам көлемін алады.

«Дегенмен, соңғы жылдары Қытайдан Еуропа және көршілес елдерге Қазақстан арқылы жөнелтілетін транзиттік жүк көлемі едәуір артып, Қытай Халық Республикасының қазақстандық транзиттік тасымалдаудағы үлесі 27%-ға дейін ұлғайды. Ол тиісінше, 6 млн 200 мың тоннаға тең. Бұл ретте біздің негізгі міндетіміз – трансқазақстандық бағыттардың тартымдылығын арттырып, экономика мен халықаралық транзит қажеттілігін тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету», - деді М. Қарабаев.

Фото: Үкімет