Алаяқтар су тасқынынан зардап шеккендердің атына несие рәсімдеуде

Уақыты: 29.04.2024
Оқылды: 249
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алаяқтар су тасқынынан зардап шеккендерге несие рәсімдей басағандығы туралы ескертулер жиілеп кетті, - деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы madeniportal.kz сайтына сілтеме жасап.

БҚО Бөрілі ауданы полициясының хабарлауыншай, алаяқтар су тасқынынан зардап шеккен адамдарға мемлекеттен жасалатын төлемді жібереміз деген сылтауымен қоңырау шала бастады. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, алаяқтар өздерін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері немесе еріктілер деп таныстырады және телефондарына келген SMS-кодты айтуларын сұрайды. Мұндай фактілер туралы Қазақстанның бірнеше өңірінде бірден белгілі болғаны атап өтіледі.

"Олардың құрығына түсіп қалмауды өтінеміз. SMS-кодтарды ешкімге айтпаңыздар, бейтаныс нөмірлерден түскен бейне қоңырауларға жауап бермеңіздер", - делінген полиция таратқан хабарламада. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл су тасқынына байланысты Қазақстанның бірқатар облыстарында жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды. 
Қазір Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында күрделі жағдай сақталуда.

Су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекеттен төлемдер жасау басталып кеткен. 8,8 мыңнан астам қазақстандық отбасы су тасқынынан кейін мемлекеттік қолдау алғаны хабарланды. Жақында су тасқынынан зардап шеккендер қосымша 550 мың теңгеден астам қаражат алатыны белгілі болды. Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге де залал өтеледі. Бір күн бұрын бүкіл ел бойынша су тасқыны басталғаннан бері 40 мыңға жуық адам үйлеріне оралғаны белгілі болды.

Фото: freepik