Бірлігі бекем, табысы толайым

Уақыты: 12.07.2018
Оқылды: 1320
Бөлім: ЭКОНОМИКА
Бүгінде шағын шаруашылықтарды ірілендіруге баса мән беріліп отыр емес пе? Бұл жайында сөз болғанда ойыма көп ретте алдымен «Бірлік» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оралады. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Олай дейтініміз, ірі шаруашылықтың ілгерілеу өзегі екендігіне аталған агрофирма ұжымының көздері әлдеқашан жеткен.

Бұрынғы кеңшарлар тарап, қолдағы мал мен техника тарыдай шашырап кеткен тұста да сол кездегі Октябрьдің 50 жылдығы атындағы шаруашылықтың тізгіні босаңсымады. Бірен-саран ұсақ қожалықтар бөлініп шығуға тілек білдіргенімен кеңшардың өзегі сол қалпында сақталып, негізгі мүліктің мұрты бұзылмаған күйінде қалды. Нақ осы жерде ауылдың арқасүйер азаматы, облыстық мәслихатқа бірнеше мәрте депутат болып сайланған, қазіргі кезде де серіктестікті басқарып отырған беделді басшы Әбдіжаппар Қыстаубаевтың еңбегін айрықша атап өтпей болмайды. 
Кейіннен өздері орналасқан Бірлік ауылының атын иеленген агрофирма ұжымы сол кезден бері тұрақты даму үстінде. Бұл орайдағы көрсеткіштер ауылдың осы жақында ғана аталып өткен 50 жылдық мерейтойы барысында нақтыланды. 

Күріш ақтау жыл бойы жалғасады

«Ақ маржан» өсірумен айналысатын шаруашылықтардың оны ақтауды да қолға алуы өмірдің өзінен туындап отырған қажеттілік. Ондай шағын зауыттар осы өңірдегі серіктестіктердің қай-қайсысында да бар десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды.
Бұрындары мұндай өндіріс орындары дайындалған күріштің бір бөлігін үлгергендерінше ақтап, қалған дән астық қабылдау кәсіпорындарына шала күйінде өткізілетін. Сол кезде, шыны керек, бастырылған астық толықтай өздерінде ақталып, сауда орындарына дайын өнім күйінде өткізілсе табыс та еселене түсер еді-ау деген ой көңілдің бір түкпірінде тұратын еді. Бірлік ауылындағы зауыттың жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істеп, күріш ақтаумен айналысатынын естігенде сол мақсатқа қол жеткендей сезімде болдық. Осыған орай қазіргі кезде күріш шаласының серіктестіктің өзінде толықтай өңдеуден өткізілетіндігін де айта кетейік.
Зауыт бір ауысымда 8-9 тонна күріш шаласын ақтайды екен. Осындай тірліктің арқасында өткен 2017 жылы 1,5 мың тонна күріш, 700 тонна күріш жармасы дайындалыпты. Бұл жайында «Бірлік» агрофирмасы» ЖШС бас директорының орынбасары Алмас Қыстаубаев пен өндіріс жөніндегі орынбасары Аршын Жақыпов әңгімелеп берді. 
– Бірнеше жыл бұрын күрішті Түркия мен Иранға экспорттадық, – дейді олар. – Өткен жылдары Ресей мен Қырғызстанға да шығардық. Алушылардың қатарында Петропавл мен Қостанай да болды. Бүгінде дайындаған өніміміз Алматы қаласы мен облысынан артылмайды. 
Ерекше атап өтетін бір жайт, Балқаш өңірінде өсірілген күріш экологиялық жағынан тазалығымен ерекшеленеді. Оған бір жылдары шетелдіктердің өздері де көз жеткізген. Бірнеше рет арнайы келіп, топырақ пен судың, тіпті, ауаның да құрамын мұқият зерттеуден өткізген олар бұл өңірде өсірілген өнімнен балалар тағамын дайындауға болады деген тұжырымға тоқтапты. Мұның өзі өнімге берілген жоғары баға. Басқа басқа, шетелдіктердің балалар тағамының тазалығына ерекше мән беретіндіктері белгілі ғой. 
Жолай өтіп бара жатып қырман маңдайшасындағы «Қамбаға құйылған дән – халыққа бұйырған дәм» деген жазуға көзіміз түсті. Сол сәтте көңілімізге серіктестіктің әрбір жұмысшысы осы бір тұжырымды ұстанады-ау, осы бір принциппен жұмыс істейді-ау деген ой оралды. Иә, түптеп келгенде өздеріне бұйыратын дәннің – дәмнің молайғанына не жетсін?! Ол мақсаттың жолында аянып қалуға бола ма?

Өңір қажетін өтейді

Негізінен ақ күріш егіп, егіс айналымы талаптарын сақтау үшін арпа-бидай, жоңышқа да өсіретін серіктестік басқа да қажетті шаруалармен айналыса бастапты. Соның бірі ретінде полиэтиленнен жемшөп орамаларын дайындауға қажетті шпагат пен күріш салатын қап жасайтын цехтың жұмыс істеп тұрғандығын айтар едік. 
Шпагат пен қаптың серіктестік үшін ең қажетті заттардың бірі болып табылатындығы ешбір дәлелдеуді қажет етпейді. Салынған сүрлем мен пішендемені жабуға қажетті полиэтилен жамылғылардың да артықтық етпесі айдан анық. Бір жылдары саудада күріш салатын каптың өзі де болмай қалған көрінеді. Науқан кезінде қарапайым шпагаттың өзі де жоқ болып кетеді. Сол кезде қытайлар жасай алатын өнімді өздерімізде неге жасамасқа, неге өзіміздің қолымыздан келмейді деген идея туындаған. Ал қазір цех күріш салатын қаппен өзін, аудан шаруашылықтарын қамтамасыз етіп қана қоймай, Алматы қаласынан да тапсырыс қабылдауда. 
– Берілген тапсырысқа орай қапқа тиісті логотип те салып береміз. Тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейміз. Өйткені мына станоктар тоқтатып, қайта қосқанды «ұната қоймайды». Сол себепті үш ауысыммен қырыққа жуық адам осы шаруамен шұғылданады. Алғашында екі станок қана жұмыс істесе, қазіргі кезде олардың санын 20-ға жеткізіп отырмыз. Болашақта цех айына 350 мың дана қап шығаратын болады.
Бұл – серіктестікке қарасты «Бірлік құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мэлс Өгізбаевтың тұжырымы. Өз ісіне шынайы берілген азамат цехты кеңейту жұмыстарының қалай жүріп жатқандығын, шикізаттың қайдан алынып, өнімнің қайда сатылатындығын шабыттана әңгімелейді. Озат жұмыскерлер қатарында кесуші Байылхан Ғалима мен станокта істейтін Ұлан Мөлдірді, оператор Исаев Айбекті атады. 
Шпагат цехының меңгерушісі Жомарт Таңқыбаев жайындағы әңгіме өз алдына бір бөлек. «Тапсырыстың көптігі сонша, біразын орындап үлгере алмай жатырмыз. Мәселе жаңа станоктар орнатылып, өндіріс кеңейтілген кезде толықтай шешілетін болады. Ондай станоктарды да өз біліктілігімізбен орнатамыз», – дейді ол. 
Жұмысшылардың жалақысы шығарған өнімнің мөлшеріне байланысты. Цех ашылғаннан бері жұмыс істеп, айтарлықтай тәжірибе жинақтап қалған озаттардың жалақысы да біршама жоғары.   

Жемшөп тегін беріледі

Көрсеткіштері жылдан-жылға жақсара түскен серіктестіктің басшылығы жұмыс барысында өз қамдарын ғана күйттеп қоймай, жалпы ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруына да айтарлықтай көңіл бөліп келеді. Бұған ауылға арнайы барған сапарымызда тағы бір көз жеткіздік.
Егер сіз бүгінгідей нарық жағдайында бүкіл ауыл тұрғындарына жемшөп тегін беріледі десек, сенер ме едіңіз? Сенбесіңіз анық. Сонда да болса ауылда осындай оң тәжірибе қалыптасқандығын атап өтпей болмайды. Нақтырақ айтатын болсақ, жемшөп серіктестік жұмысшыларына ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындарына, яғни, мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілеріне, дәрігерлер мен зейнеткерлерге, ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлеріне тегін беріледі. Рас, белгілі бір мөлшерде. 
– Мал ұстайтын бүкіл ауыл тұрғындарына 10 орама, яғни, 2 тонна мөлшеріндегі шөпті тегін береміз. Ол аздық етіп жатса, тағы 4 тонна жемшөп бірнеше есе арзан бағамен босатылады. Тұрғындар оны тасып та әуре болмайды. Жемшөп тізім бойынша үйлеріне жеткізіліп, жиналып беріледі, – дейді ЖШС бас директорының орынбасары Алмас Қыстаубаев. 
Сапар барысында тұрғындардың үйіне жаңағыдай жемшөп түсіріп, жинаумен айналысып жүрген механизаторлар, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағындық Құлшықбаев пен Ернар Әбдіқайымовты ауыл көшесінен жолықтырдық. Жаңа ғана тайланған көкпеңбек жоңышқа тиелген көлік кезекті тұрғынды қуантуға асығып барады. 
Сөз орайы келгенде «Бірлік» агрофирмасы» серіктестігінің биыл 1633 гектар алқапқа күріш, 1774 гектарға бидай, 2040 гектарға жоңышқа сепкендігін айта кетейік. Мұның бәрі жемшөппен, күрішпен өз жұмысшыларын ғана қамтамасыз етіп қоймай, жоғарыда айтып өткеніміздей, ауылдың басқа тұрғындарына да көмектесуге мүмкіндік береді. 

Мереке – береке негізі

Шаруасы шалқып тұрған серіктестік ауыл көлемінде өтетін үлкенді-кішілі шаралардың барлығына дерлік қаржылай қолдау көрсетіп, өз дәрежесінде өтуіне ұйытқы болуда. Ұлыстың ұлы күні Наурыз бен қарттар мерекесінде, Жаңа жыл мейрамы мен Балаларды қорғау күнінде атаулы сыйлықтар дайындап, дастарқан жаюды серіктестік әдетте өз мойнына алады. Ауылдық Мәдениет үйінде, орта мектепте өтетін іс-шаралар да осы қатарда.
Балақайлар ойнайтын алаңқайлар әдетте қалалық жерлерде жабдықталады ғой. Серіктестік басшылығы болса мұндай алаңқайларды ауылдың бірнеше тұсына салған екен. Ондай алаңқайлардан балдырғандардың бал күлкісі жыл бойына үзілмейді.
Арнайы отырғызылған саябақта жасалған Жастар алаңы да жақында ғана ашылыпты. Бірнеше спорт түрімен айналысуға мүмкіндік беретін спорт кешені 2004 жылдан бері жұмыс істейді.
Елді мекенге бастап баратын жолдың ой-шұңқырын әдетте ауыл тұрғындарының өздері тегістеп алатын. Бұл үшін бүкіл ауыл тұрғындары қатысатын арнайы сенбілік ұйымдастырылып, серіктестік басшылығы 4-5 автомашина асфальт сатып алатын. Содан кейін де шығар, бұл ауылға бастап баратын жол ешқашан ойдым-ойдым болып ойылып жатпайды.
Биыл бұл жұмысқа аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов қол ұшын беріпті. Соның нәтижесіндей, ауылға келіп-кететін 18 шақырымдық жол әдеттегідей тақтайдай тегіс қалпында.   
Осылардың барлығын тізбелей келгенде сырт көзге кейде шаруашылық қаражаты орынсыз жұмсалып жатқандай болып та көрінуі мүмкін. Шын мәніне келгенде бұл болашақты ойлаған басшының қарекеті екендігі айқындала түседі. Олай дейтініміз, балабақшада тәрбиеленіп немесе мектепте оқып жатқандар да серіктестік жұмысшыларының балалары мен немерелері. Ертеңгі күні игі дәстүрді жалғастырып, ауыл абыройын асқақтататын да солар болады. 
Сөз орайы келгенде алдағы уақытта серіктестік жұмысын жүргізуге қажетті мамандардың шаруашылық есебінен оқытылатындығын да айта кетейік. Жоғары оқу орындарымен арнайы келісімшарт жасалып, жылына 2-3 түлек агроном, инженер, бухгалтер мен қаржыгер сияқты мамандықтарға оқытылады. Оқуларын бітіріп келіп жұмысқа орналасып жатқан жастар да бар. 
Ауылға, туған жерге, елге деген махаббат жайдан-жай пайда бола салмайды. Ондай жоғары сезім ең алдымен өзіңе деген осындай қамқорлықты сезінуден басталады десек, қателесе қоймайтын шығармыз. Түлектер болса, ондай қамқорлықты ұдайы сезініп келеді. 

67 отбасына үй берілген

Балық, әдетте, терең суды таңдайтын болса, адам ең алдымен өзіне, отбасына жайлы жерді іздейді емес пе? Содан кейін де шығар, ауылға көшіп келген оралман бауырлардың қатары да аз емес. Олардың барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. 
Кеңестік кезеңде салынып, кейіндері бос қалған қос қабатты үйлер күрделі жөндеуден өткізіліп, көшіп келіп, жұмысқа орналасқан қандастарға тегін берілген. «Үй болмай күй болмайды» дегендей, басты мәселелері шешіліп, баспаналы болған ағайындар бүгінде шаруашылықта еселі еңбек етуде.
Науқан кездерінде қауырт жұмыстардың қатары қалыңдайтын болса, бүгінде қыс кезінде де толастамайтын шаруа көбейіп келеді. Жұмысшыларға жағдай жасауға әсіресе нақ осы науқан кездерінде баса көңіл бөлінеді екен. Нақтырақ айтатын болсақ, олар тоғыз ай бойы екі мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Шаруаның қызған кезінде өз міндеттерін алаңсыз атқаруға мұның да әсері аз емес. 
Күріш орып, астық бастыру сияқты қауырт науқандар кезінде ерен еңбегімен танылғандарды ынталандыру жайы да жолға қойылған. Бұрындары ондай озаттарға жыл қорытындысы бойынша марапат ретінде жеңіл автокөлік берілетіндігінен хабардар болатынбыз. Өткен жылдары ондай автокөлікпен үздік бригадир Тәттібек Демеубаев пен бас гидротехник Әлімжан Ахметовтер марапатталыпты. Ал өткен жыл қорытындысы бойынша озаттарға берілген ақшалай сыйлық қоры 8 млн. теңгені құраған. 
Қауырт жұмыстар кезінде уақытпен санаспай еңбек ететін майталмандар атқарған жұмыстарына қарай қомақты жалақы алатын болса, алдын ала жария етілетін мұндай ынталандыру шаралары олардың құлшыныстарын бұрынғыдан да арттыра түсетіндігі сөзсіз.
Серіктестікке қарасты еншілес кәсіпорындардың бірі қайырлана бастаған суару каналдарын тазалайтын болса, енді бірі құрылыс жұмыстарымен, жөндеумен, тағы бірі мал өсірумен айналысады. Әйтсе де мақсат ортақ, түптеп келгенде иленетіні бір терінің пұшпағы. Содан кейін де қалыптасқан жұмыс ырғағы бұзылмай барлық шаруа жүйелі түрде атқарылады. 
Бірлік ауылына барған іссапарымызға жоңышқа алқабында нүкте қойылды. Шаруашылықтағы озат комбайншының бірі Таңжайық Тайбаков тоқтаусыз жұмыс үстінде. Биылғы ауа райына байланысты сәл кештеу басталған бұл жұмыс та бірте-бірте қарқын ала бастаған. Соған қарағанда атына сай бірлігі де бекем, табыстары да толайым серіктестік ұжымының биылғы жетістіктері де жоғары болатын секілді. Дәйім солай бола берсін деп тіледік.

«Бірлік» агрофирмасы» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Аршын Жақыпов: 
– Бірнеше жыл бұрын күрішті Түркия мен Иранға экспорттадық. Өткен жылдары Ресей мен Қырғызстанға да шығардық. Алушылардың қатарында Петропавл мен Қостанай да болды. Бүгінде дайындаған өніміміз Алматы қаласы мен облысынан артылмайды. 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ
Балқаш ауданы