Қантаевтың есімі берілді

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1159
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мойнақ су электрстансысына осы стансының алғашқы бас директоры, нысан құрылысына басшылық етіп, энергетика саласындағы маңызды жобалардың іске асырылуына өлшеусіз үлес қосқан Оразалы Қантаевтың есімі берілді. Бұған Қазақстанның ардагер энергетиктерінің кеңесі бастамашы болған. Өтініш ҚР Энергетика министрлігі тарапынан қолдау тауып, «Самұрық-Энерго» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен бекітілді. 

Осыған байланысты салтанатты шара өтіп, оған сала ардагерлері мен нысан құрылысын жүргізген мамандар және су электрстансысының жұмысшылары қатысты. Айта кетейік, аталмыш стансының бірінші энергоблогы 2011 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. Өкінішке қарай, Оразалы Дәулетиярұлы нысанның іске қосылғанын көре алмады. Өйткені, ол ауыр науқастан көз жұмды. Қуаттылығы 300 МВт Мойнақ СЭС-і Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында және Қазақстан Республикасы Электр энергетикасының 2030 жылға дейін даму бағдарламасына сәйкес салынды. 
Стансы Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде орналасқан. Бұл нысан бүгінде Қазақстанның БЭЖ Оңтүстік аймағындағы (Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары) электр энергиясының тапшылығын азайтып, ең жоғары жүктемелерді төмендетіп, энергия жүйесіндегі қуатты реттеуге қатысты міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырып отырған серпінді жоба. Кәсіпорынның жоба бойынша орташа жылдық электр энергиясын өндіру көлемі 1,027 млрд. кВтс. Жеті айда СЭС 649 миллион кВтс электр энергиясын өндірді. Тұтас алғанда екінші энергоблок 2012 жылы пайдалануға берілген сәттен бастап су электрстансысы 5,9 млрд. кВтс-қа жуық электр энергиясын өндірген. 
Стансының бірқатар технологиялық ерекшеліктері мен шешіп отырған міндеттері бірегей. Оның «Самұрық-Энерго» холдингінің қуат өндіретін кәсіпорындары қатарында ғана емес, республикадағы қолданыстағы электр- стансыларының арасында да ерекшеленетінін атап өткен жөн. Сондай-ақ, Мойнақ  СЭС-і халықаралық ынтымақтастықтың табысты үлгісі саналады. Әлемдегі су электр- стансылары арасында да          1 МВт қуат өндіру  үшін жұмсалатын су шығыны бойынша ең үздік көрсеткіштердің біріне ие – секундына 0,25 шаршы метр. 
Салыстырар болсақ, Қазақстандағы ең ірі СЭС – Ертіс өзеніндегі Шүлбі СЭС-нің үлес шығыны 5 м3/с/МВт тең, ал Түркістан облысындағы Сырдария өзеніндегі Шардара СЭС-нің үлес шығыны 7,5 м3/с/МВт. Стансыда техникалық көрсеткіштер мен тиімділік жоғары, соңғы модификациядағы су агрегаттары орналастырылған. Стансының негізгі нысандарының жобасы Қытайдың Халықаралық Су шаруашылығы және энергетика корпорациясының қатысуымен әзірленіп, құрылысы іске асырылды. 
СЭС ғимаратында Andritz Hydro (Австрия) жасап шығарған су турбиналары орнатылған, ал су генераторлары Харбин қаласында (ҚХР) құрастырылған. Бүгінде Мойнақ СЭС-і Кеңсу өзеніндегі судың бір бөлігін Бестөбе су қоймасына ағызу арқылы өнімділікті жылына 100 млн. кВтс арттыруды жоспарлап отыр. 

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ