ҚЫСҚЫ ОТЫН ЖЕТКІЛІКТІ

Уақыты: 22.09.2018
Оқылды: 1759
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың төрағалығымен қысқы жылыту маусымына дайындық жағдайы қаралды. Шараға аудан әкімдері мен оның орынбасарлары, облысқа қарасты басқарма басшылары қатысты.

 

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының есебі тыңдалды. Басқарма өкілдерінің айтуынша, дайындық жоспар бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қатты және сұйық отынның мөлшері де жеткілікті. Десе де жоспарды әлі де толық орындай алмай отырған аудандар мен қалалар бар. 
Қазіргі күнге дейін аудандар мен қалалар қысқы жылыту маусымына қажетті қатты және сұйық отынның 60 пайызын дайындап үлгеруі керек. Алайда, біразы бұл көрсеткішке жете алмай келеді. Әсіресе, теміржол қайшыласып жатқан Қаратал, Кербұлақ аудандары, Алматының іргесінде орналасқан Талғар ауданы, жыл сайын Ойқарағай көмірінің арқасында тапшылық көрмейтін Райымбек ауданы жоспарды орындай алмай келеді. Керісінше, облыс орталығынан шалғай жатқан Алакөл мен Сарқан ауданы, көмірді Талдықорғаннан тасымалдайтын Ақсу ауданы мен Алматыға шөп сатуға барған көлікпен ауылға көмір ала қайтатын Балқаш ауданы жоспарды асыра орындаған. Осы жағдайларды назарға алған Айдарбек Естебекұлы жоспарды орындамай отырған аудан басшыларына ескерту айтып, нақты тапсырма берді.
Жиналыста қазіргі күнде шарықтап кеткен көмір бағасы туралы да сөз болды. Бүгінде Талдықорғанда бір тонна көмірдің бағасы 13500 теңге болса, алыпсатарлар оны ауылға жеткізгені үшін бағасын көтеріп жіберген. Кейбір жерде көмірдің тоннасы 19 мың теңгеге дейін сатылып жатқан  көрінеді. Бұл мәселені  назарға алған Айдарбек Байжанов Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекеге қабілеттілікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің өкілдеріне бағаны тұрақтандыру жөнінде нақты міндет жүктеді.
Жиында облыс орталығының қыс маусымына дайындығы туралы есеп берген Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев жоспардың ойдағыдай орындалғанын айта келіп, қатты отынды жеткізуде туындаған қиындықтарды алға тартты. Оның айтуынша, көмір кендерінен көмір жеткізу ісінде күрделіліктер көп. Әдетте шығыстағы Қаражыра көмір кенінен 5-6 күнде Талдықорғанға жететін көмір теміржол стансыларындағы кедергілер салдарынан 12-13 күнге кешігіп келіп жатыр. Айдарбек Естебекұлы аудан, қала басшыларына «Қазақстан теміржолы» АҚ басшылығымен сөйлесіп, мәселені тездетіп реттеу керектігін тапсырды.

Қ. ОМАРАҚЫН