ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ТАЛДЫҚОРҒАНҒА КЕЛДІ

Уақыты: 26.10.2018
Оқылды: 1130
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кеше кешқұрым ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда халық табысын өсіру және еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіруге қатысты  берген тапсырмасын орындау аясында селекторлық кеңес өткізді. Селекторлық кеңеске облыс әкімі Амандық Баталов пен өңірдегі ірі кәсіпорын жетекшілері, бизнесмендер қатысқан еді.

Селекторлық жиында сөз сөйлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова баяндама оқып, өңірлердегі төмен жалақы алып отырған қызметкерлер мен жұмысшылардың санын түгендеп берді. Ал облыс әкімдері 42,5 мың теңгеге дейін жалақы алатын, мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардағы қызметкерлердің еңбекақысын көтеруде қолға алынған шараларды таныстырды.

Жиында еліміздің ірі және орта кәсіпорын басшылары да өз ойларымен бөлісті. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Елбасы Жолдауындағы еңбекақыны көтеру мәселесін бизнес өкілдерінің де қолдайтындығын жеткізді.  

Соңында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Инвестиция және даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне, облыстардың және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне төменгі жалақы төленетін жұмысшылар санаттарына қатысты еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуді және барлық жерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

***

Ал бүгін таңертең Үкімет басшысы Талдықорғанға ұшып келді. Бақытжан Әбдірұлын облыс әкімі Амандық Баталов күтіп алды. Үкімет басшысы мұнда Үшарал қаласындағы әуежайдың шағын макетімен, даму көрсеткішімен танысып, Алакөл жағасындағы құрылыс жұмыстары туралы есепті тыңдады. Жоба жұмыстарын облыс әкімі өзі баяндап берді. Талдықорған әуежайындағы кездесуден кейін Үкімет басшысы Панфилов ауданындағы "Нұр жолы" бекетіне аттанып кетті. Мұнда Премьер-Министр "Қорғас" ынтымақтастық орталығының жұмысын көріп, бірқатар құрылыс нысандарымен танысады деп күтілуде. Сондай-ақ, "Нұркент" қаласының даму жоспарына өз бағасын бермек. Түс ауа Талдықорған қаласына қайтадан келіп, Салтанат сарайы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, № 28 ІТ лицейі ғимараттарымен танысып, медицина қызметкерлерімен, бизнес өкілдерімен, білім саласының мамандарымен кездесу өткізбек.

Қажет АНДАС

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ