МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮЙЕГЕ КӨШПЕК

Уақыты: 09.11.2018
Оқылды: 1200
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік қызметтің 78 пайызы электронды форматта көрсетіледі. Алдағы екі жылда бұл көрсеткіш 90 пайызға жетпек. Бұл сөзді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ Азия және Тынық мұхит аймағының елдері үшін коррупцияға қарсы бастамалардың қоғамдық парасаттылық желісі мемлекеттік сатып алулар саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған кезекті отырысында айтты.

Өз сөзінде агенттік басшысы кәсіби және сыбайлас жемқорлықтан азат мемлекет қалыптастыруда Қазақстанның бірнеше маңызды кезеңнен өткенін атап өтті. «1995 жылдың өзінде біз ТМД елдері үшін үлгі болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңды және «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» бағдарламасын қабылдадық. Сол кездері мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданып, агенттік мәртебесіндегі уәкілетті орган құрылды. 2015-2025 жылдарға арналған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Еліміздегі мемлекеттік басқарудың терең институтционалдық реформаларының Жол картасына айналған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын іске асыру да мемлекеттік қызмет жүйесін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жаңғыртуға елеулі үлес қосты», - деді Алик Шпекбаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда кәсіби және қаржылай ынталандырылған ашық және есеп беруші мемлекеттік аппарат қалыптасты және заңның үстемдігі мен қатаң жазалау принциптерінің сақталуы қамтамасыз етілді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша нақты жұмыс жүргізіліп келеді.

"ҚАЗАҚПАРАТ"