БАСПАНАЛЫ БОЛУҒА АСЫҒЫҢЫЗ

Уақыты: 24.12.2018
Оқылды: 1030
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Елбасының тапсырмасы негізінде Ұлттық банк әзірлеген «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жастарға, сосын ұзақ жылдар бойы жайлы баспанаға қол жеткізе алмай келе жатқан мұғалімдер мен дәрігерлерге, тағы да басқа азаматтарға үлкен қолдау болатындығы қазірдің өзінде белгілі болды. Осы бағдарлама бойынша баспана алу үшін алғашқы жарнаның тек 20 пайызын ғана төлесеңіз жетіп жатыр. Қалған ипотеканы 25 жылға 7 пайыздық сыйақы мөлшерімен біртіндеп төлеп бітіруіңізге болады. Осындай шарт аясында еліміздің кез келген өңіріндегі бастапқы нарықтан баспана алуға, несие рәсімдеуге мүмкіндік бар. Қазірше банк бекіткен өлшем бойынша ипотекаға алынатын үйдің бағасы Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда 25 млн. теңге, ал басқа өңірлерде 15 млн. теңге.

 

   Жаңа бағдарламаның негізгі шарттарын Президенттің өзі белгілеп берді. «Бізге Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер және қор нарығының мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет. Ұлттық банк арнайы компанияны құруы тиіс. Аталған компания, кем дегенде, бір триллион теңгені тартып, жаңа ипотекалық несиелерді сатып алуы қажет», – деген Елбасы тапсырмасының арқасында іске асырыла бастаған жаңалық бүгінде жан-жақты пысықталып, кең көлемде атқарылуда. Ақпарат көздерінен білгеніміздей, бүгінгі таңда бағдарламаға қатысты бірінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберінде бағдарламаға 7 банк қатысуда. Сондай-ақ, жұмысты қарқынды жүргізу үшін «Баспана» ипотекалық ұйымы АҚ құрылып, тыңғылықты жоспармен жұмысқа кіріскенін көріп отырмыз. Жуырда «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын өңірде ілгерілетуге қатысты шығынның бір бөлігін өзіне ала отырып, бюджеттік қызметкерлер үшін алғашқы жарнаның жартысын субсидиялап, өсімсіз несие беру туралы шешім қабылдады. Сондықтан  бюджеттік салада жұмыс істейтін азаматтарға, соның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге қолдау ретінде алғашқы 20% жарнаның 10%-ын облыстық әкімдіктердің өтейтіні белгілі болды.
  «Асықсаң, жақсылыққа асық» дегендей, бағдарламаға қатысу үшін банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісі болуын растайтын құжаттар, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәлімет, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтама, сатып алатын тұрғын үй құжаттары және тәуелсіз бағалаушының бағасы ұсынылуы тиіс.
   Бір қуанарлығы, жаңа бағдарламаның аясында жыл сайын 100000 пәтер, яғни 5 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасына, соның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен Қазақстанның ипотекалық компаниясы қойып отырған талаптарға да өзгеріс енгізілуі мүмкін. Бұл бағыттағы жұмыс аталмыш бағдарлама бойынша баспана алуға ниеттенген жерлестеріміздің арқасына түсер ауырлықты жеңілдете түсері анық. Десе де, осы тұста  «Арзан ипотекаға қандай баспана алуға болады?» деген көптің ойында жүрген түйткілді сұраққа жауап бермеске болмайды. Алдағы уақытта осы бағдарламаға қатысып отырған банктер мен компаниялардың құрылыс жұмысына мемлекеттік бақылау шараларын қабылдау қолға алынды. Демек, бармақ басты, көз қысты әрекетке баратын әрқандай мекеменің ісі заң бойынша реттеліп, кезек тәртіп бойынша алға жылжитын болады. Сондықтан «арзан баспана сапасыз болып қалмай ма?» деген ойдан аулақ болу керек. 
  Жасыратыны жоқ, арамызда «7-20-25» бағдарламасы тек қана 25 жылға несие береді деп ойлайтын азаматтар көп. Бұл – қате пікір. Нақтылап айтар болсақ, 25 жыл – ол шекті мерзім. Сондықтан сіз несиені өзіңіз қалаған мерзімге, 1 жыл, 5 жыл, 10 жылға да ала аласыз. Мерзімді өзіңіз анықтайсыз. Мерзім неғұрлым аз болса, үстінен қосып төлейтін сома да аз болады. Сонымен қатар, бұл бағдарлама студент жастар үшін де тиімді болмақ. Егер сіз өзіңіздің төлем қабілеттігіңізді анықтау мүмкіндігіңіз болса, баспанаға ие болуға болады. Демек, осы арқылы жатақхана өмірімен ертерек қоштасып, өзіңіз қалаған қаланың баспаналы тұрғындарының қатарына қосыла аласыз. Ендеше, баспаналы болуға барынша көмектесетін бағдарламаға тезірек қатысып, оның игілігін көруге асыққан дұрыс.

Азиза Есболат,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология
факультетінің 1-курс магистранты