ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНУДА

Уақыты: 14.02.2019
Оқылды: 833
Бөлім: ЭКОНОМИКА

     «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Алматы филиалы өткен жылы ауылшаруашылығына бағытталған бірнеше несие бағдарламалары арқылы жұмыс атқарды. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 913 кәсіпкерге 3 420 млн. теңге несие беріліп, 1 128 адам жұмыспен қамтылды. 

 

     Мүйізді ірі қара мал етін экспортқа шығару мақсатында қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы қайта жандандырылып, бағдарлама шарты бойынша импортталған асыл тұқымды ірі қара және отандық қой-ешкі алу көзделді. Нақтылап айтар болсақ, 14 шаруа қожалығына 497,5 млн. теңге несие беріліп, оған 1 317 бас импортталған мүйізді ірі қара мал сатып алынды.

     Бұған қоса, облыс бойынша былтыр 7500 бас қой-ешкі алу жоспарланған, аталған қордың белсенді жұмыс атқаруының арқасында 42 шаруа қожалығы 383,2 млн. теңге несие алып, 12 113 бас қой-ешкі сатып алды. Осылайша жоспар 162 пайызға орындалды. Ауылды жерлерде мал шаруашылығынан басқа да бизнес түрін (қызмет көрсету, сауда саттық, басқа да өнім түрін шығару, тағы басқалары) дамытып, қолдауды көздеген «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы несиелендіру жүргізілді.

     Нәтижесінде 103 кәсіпкерге 763,3 млн. теңге несие беріліп, ауыл кәсіпкерлерінің жұмысын одан әрі дөңгелентуге үлес қосты. Биыл да аталған қор жұмысын одан әрі жандандырмақ.

Ардақ СЕРІКБАЕВА,

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Алматы филиалының бас несие менеджері