Асқар МАМИН: "ТУРИСТЕР САНЫ 15 МИЛЛИОНҒА ӨСЕДІ"

Уақыты: 14.03.2019
Оқылды: 983
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 – 2023 жылдарға арналған еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму және 2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет болжамы нақтыланды. Жиында негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамдары туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов және Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, тағы да басқа лауазымды тұлғалар баяндама жасап, келесі кезекте атқарылатын жобалар айтылды.

Асқар Ұзақбайұылының айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің тау-кен, химия өнеркәсібінде, машина жасауда, сауда, көлік саласында, ауылшаруашылығында оң өзгерістер орын алып, өсім қарқыны артқан. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,5%-ға жылдамдады. Бұдан өзге, биылғы ақпан айында құрылыс, негізгі капиталға инвестициялар тарту, өңдеу өнеркәсібі, металлургия салаларындағы даму қарқыны үдей түскен.

Дегенмен, кейбір өңірлер негізгі капиталға салынған инвестициялар және өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы көрсеткіштер бойынша артта қалып отыр. Жиында Үкімет басшысы қай өңірдің көш басында тұрғанын, қай аймақтың жұмыс қарқынын ілгерілете алмағанын да айтып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне облыс әкімдерімен бірге көрсеткіштердің төмендеу себебін зерделеп, орын алған кемшілікті жою үшін барынша жұмыс істеу керектігін тапсырды.

Еліміздің туризм саласының барынша дамып келе жатқаны баршаға аян. Үкімет отырысында туризм саласының дамуы мен оның болашағы туралы да тың ойлар айтылды. Осыған орай, жиында туризм саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың нәтижелері де сөз болды.

- 2025 жылға қарай еліміздегі туризм саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 8 пайызға жетеді. Осы салаға тартылатын инвестициялар көлемі алдағы 7 жылда 2 трлн. теңгені құрап, 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады, оның 72 мыңы  тұрақты жұмыс орындары болмақ. Туристер санын жылына 7 миллион адамнан 15 миллионға өседі, - деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігіне туризм саласын дамыту бойынша әзірленген мемлекеттік бағдарлама жобасын Мемлекет басшысымен келісілгеннен кейін Үкіметке бекітуге енгізуді тапсырды.

Жиында Елбасының жаңа әлеуметтік бастамаларын іске асыру, Қазақстан халқына арналған Жолдауды және «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берілген тапсырмаларды орындауды қаржылық қамсыздандыру үшін ағымдағы жылға арналған бюджет параметрлері болжамының нақтыланғаны айтылды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, нақтыланған бюджет жобасы Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде сөз еткен «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын жүзеге асыру, «Жастар жылын» өткізу аясындағы іс-шараларды іске асыру, Президенттің 2017 және 2018 жылдардағы Жолдауларында берген тапсырмаларын орындау сияқты үш бағыт бойынша іске асырылады. Аталған жоба аясында Түркістан облысын және Астана қаласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, Астанада Ғылыми-онкологиялық орталық, «Сарыарқа» газ құбырын салу, сондай-ақ, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты іс-шараларды да іске асыру көзделген.
Селекторлық жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов және облыстық басқарма басшылары онлайн режімінде қатысты.

Қажет АНДАС