Амандық БАТАЛОВ: "ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ БАЯУ"

Уақыты: 18.03.2019
Оқылды: 1137
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімі  Амандық БАТАЛОВ Қарасай ауданына арнайы келіп, салынып жатқан екі денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысымен танысты.

 

Алдымен Райымбек ауылдық округіндегі нысанға ат басын тіреген аймақ басшысы құрылыс қарқынының баяу жүріп жатқанын назарға алды. Жалпы, 1, 69 гектар жерге орналасқан денешынықтыру-сауықтыру кешеніндегі спорттық ғимараттың аумағы 3660 шаршы метр. Оның бірінші блогінде бокс пен күреске арналған жаттығу залдары орналасса, екінші блогінің жертөлесінде жаттығу залы мен киім ауыстырып, жуынатын бөлме, демалыс орны, бильярд залы мен техникалық бөлмелер болады деп жобаланған. Бірінші қабатында киім шешетін орын, жуынатын бөлме, жаттықтырушылар отыратын орын, сауна, массаж бөлмесі, демалыс аумағы орналаспақ. Ал  екінші қабатында  60 адамға лайықталған кафетерий, әкімшілік бөлмелер болады деп күтілуде. Ғимараттың үшінші блогінде 300 адамға арналған көрермендер трибунасы бар волейбол, баскетбол, гандбол және минифутбол залдары болады. 

Амандық Ғаббасұлы құрылыстың бас мердігері – «Элитстрой проект» ЖШС басшыларына ел болашағы – жастардың дені сау, рухы мықты болып өсуіне ықпал ететін осынау спорт кешенінің сапалы әрі уақытылы салынып, жоспарланған мерзімде пайдалануға берілуі керектігін тапсырды.

Шамалған ауылында бой көтерген екінші денешынықтыру-сауықтыру кешенінің елде теңдесі жоқ ірі жоба екені белгілі. 6 гектар аумақты алып жатқан кешеннің спорттық ғимаратының көлемі 7300 шаршы метр. Алты блоктан тұратын бұл кешенде 300 орынды көрермендер трибунасы бар волейбол, баскетбол, гандбол және минифутболға арналған әмбебап зал, шығыс жекпе-жегі, бокс, күрес, жаттығу залдары мен 160 адамға арналған көрермендер трибунасы орналасқан жүзу бассейні және кешеннің қалыпты жұмыс істеуіне қажетті барлық инфрақұрылым қамтамасыз етілген.

Аталған кешен бір мезгілде 300 адамның спортпен айналысуына мүмкіндік беріп, түрлі жарыс кезінде 712 адамды сыйғыза алады. Құрылыс нысанының ішін аралаған облыс басшысы керегелердің қандай түске боялып, бассейн іші мен едендерінің қандай материалмен төселуі қажеттігін нақтылады. Ғимарат төбесінің жабындысы мен жарықтандыру мәселесіне дейін мән берген Амандық Ғаббасұлы, сондай-ақ, пайдалануға беру мерзімі таяған кешенді қалай атау керектігін алдын ала ойластырып, әдемі әріптермен жазу керектігін ескертті. Соңында осы жерде салынып жатқан үлкен стадионды да көріп, құрылыс жұмысының қарқынымен танысты.

Кешен құрылысын жүргізіп жатқан «U-Con-Two» Bi-Group компаниясының өкілдерімен әңгімелескен әкім жұмыс жүргізуге еш кедергі жоқ екенін білді. Сондай-ақ, құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге лайықталған кешенді сапалы әрі әдемі етіп салу қажет екенін ескертті.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы